Көпбалалы отбасылар баспанаға қол жеткізе алмай жүр

Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті.

Депутат кездесулер барысында аймақтағы көпбалалы аналармен сұхбаттасып, халықтың әлеуметтік осал тобына жататын отбасылардың мәселелерін талқылады.

– Бүгінде еліміздегі ең негізгі мәселе – тұрғын үй тапшылығы, - деді Танашева кездесу қорытындысына сүйеніп.

1

Көпбалалы аналар, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар көбіне жалдамалы бөлмелерде тұрады. Жылдар бойы әлеуметтік тұрғын үйге кезекте тұрғанымен қоймай, тегін пәтерге емес, көпжылдық төлемді қажет ететін ипотекаға ғана қол жеткізе алады.

Көпбалалы отбасылардың тағы бір ауыр мәселесі – несиелік қарыздар. Ең сорақасы, адамдар алаяқтардың құрбаны болып, өзі алмаған несиені төлеуге мәжбүр болатын жайттар жиілеген. Оған мысал ретінде Састөбе ауылындағы бес баласы бар көпбалалы отбасын айтуға болады.

Аталмыш мәселелерді Гаухар Танашева Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зулпыхар Жолдасовпен кездесу барысында талқылады. Одан бөлек депутат Қазақстан халық партиясының көпбалалы аналардың мәртебесін анықтау, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төлеу тетігін өзгерту және осындай отбасылардың өмір сүру деңгейін жақсартуға мүмкіндік беретін тұрғын үй заңнамасына түзетулер енгізу туралы бастамалары жөнінде баяндап берді.

Сондай-ақ сапар аясында Мәжіліс депутаты төрт жыл бұрын ашылған Халықаралық Туризм және меймандостық университетінің жұмысымен танысып, ЖОО ректоры Әлібек Шоқпаровпен кездесті. Бүгінде білім ордасы түрлі мамандық бойынша кадр дайындайды және мемлекеттік гранттар негізінде жылына 800 талапкерге білім береді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy