Қостанай облысында су тасқынының қарқыны төмендеді. Бұл туралы аймақ әкімі Құмар Ақсақалов хабарлады. Сонымен қатар, ол табиғи апатпен күреске қатысқан және су тасқынынан зардап шеккендерге қажетті көмек көрсеткен азаматтар мен еріктілерге алғыс білдірді.
Әкімнің айтуынша, негізгі су қоймаларында (Қаратомар, Жоғарғы Тобыл, Желқуар және т.б.) су ағызудың төмендеуі байқалады. Бұл тиісінше, маңайдағы өзендерде де су деңгейі төмендейді деген сөз. Су тасқыны кезінде 24 автожолдың қозғалысы шектелген еді. Қазірдің өзінде олардың 9-ы бойынша қозғалыс қалпына келтірілді.
– Өңірде су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына көмек көрсету жұмыстары басталып кетті. Біржолғы әлеуметтік төлемдер ұйымдастырылды, сондай-ақ демеушілік және гуманитарлық көмек көрсетіледі, - деп мәлімдеді Құмар Ақсақалов. - Осы күндері бізбен бірге болған жерлестерімізге және барлық қамқорлық танытқандарға алғыс айтқым келеді. Мен өзім де отандастарымыздың өздерінің ең жақсы қасиеттерін, бастамаларын көрсетіп, игі істер атқарғанына куә болдым.
Қазақстан Халық партиясы Қостанай филиалының өкілдері де су тасқынынана зардап шеккендерге көмектескендердің қатарында болды. Әлеуметтік осал отбасылар, көпбалалы аналар, жалғызілікті аналар, туыстары жоқ зейнеткерлер және мүгедектігі бар адамдар партиядан азық-түлік, жеке гигиена құралдары мен жылы киімдер түрінде гуманитарлық көмек алды. Партиялықтар Қызыл Жұлдыз, Қайыңды, Новый, Северный, Западный, Дачный кенттеріндегі отбасыларға көмек көрсетті.