
Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан психологиялық қызметтердің сапасы төмен екеніне назар аударды. Оның айтуынша, бұл сала коучтардың, экстрасенстердің, балгерлердің, дәстүрлі емес медицина өкілдерінің және т.б. еншісінде кеткен. Олар – арнайы білімі жоқ адамдар. Мақсаттары науқасқа нақты көмек көрсету емес, олардан ақша алу.
Мәжілісмен әлеуметтік алаңдаушылық асқынып тұрған жағдайда Қазақстанда психологиялық, коучингтік және консультациялық қызмет нарығының аясы кеңейіп жатқанын атап өтті.
– Бұл саладағы құқықтық реттеу бақылаусыз, бытыраңқы күйде қалып отыр және азаматтардың құқығын тиісті деңгейде қорғауды қамтамасыз етпейді, – деп нақтылады Кенжеғұл Сейтжан. – Бұл бизнестің көлеңкелі жағының қалыптасуына қоғамдағы стереотиптерден туындаған менталдық ауруларды стигматизациялау әсер етіп отыр.
Осыған қарамастан, мемлекет мамандардың білімі мен бейіндік дайындығын тексермейді, дипломдар мен сертификаттарды, қайта даярлау бағдарламаларын верификацияламайды, тіпті психологиялық және әлеуметтік қолдау қызметін көрсететін тұлғалар мен ұйымдардың есебін де жүргізбейді. Салдарынан өзін психолог, кеңесші және өзге де маман ретінде таныстыратын адамдар азаматтардың құқығын бұзғаны және пациенттеріне зиян келтіргені үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Ал мәселе азаматтардың психологиялық денсаулығы жайлы болып отыр.
– Бұл мәселенің жүйелі және ұзақ мерзімді екенін атап өткен жөн», – деп нақтылады депутат. – Қалыптасқан тәжірибе қолжетімді психологиялық көмектің тапшылығын толтыру мақсатында пайда болды. Ресми, кәсіби медициналық көмекке қолы жетпеген адамдар жаппай алаяқтарға жүгінуге мәжбүр болды. Алаяқтық, ақшадан айырылу, жүйкенің тозуы, пациенттердің психикасының зақымдануы – сертификатталмаған және лицензиясы жоқ мамандардың қызмет көрсетуінің салдарынан туындады.
ҚХП парламенттік фракциясы кәсіби психологиялық көмекті басымдыққа ала отырып, психологиялық және психоэмоциялық қызметті реттейтін бірыңғай мемлекеттік жүйе қалыптастыруды ұсынады. Халыққа жүйелі түрде психоэмоциялық қолдау көрсететін мамандар мен ұйымдардың қызметін міндетті тіркеу/лицензиялау бойынша ашық талап енгізу және азаматтар үшін ашық тексеру мүмкіндігі бар осындай қызмет көрсететін мамандар мен ұйымдардың бірыңғай цифрлық тізілімін құру қажет.
– Аталған шараларды жүзеге асыру психологиялық және психоэмоциялық көмек саласын көлеңкеден шығарып, қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға, азаматтарды қорғауға және әлеуметтік қолдау институттарына деген сенімді қалпына келтіруге мүмкіндік береді, – деп қорытындылады мәжілісмен.
@halyk_partiyasy