Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Гаухар Танашева өңірлерге жұмыс сапары барысында Талғар қаласында болып, көпбалалы аналармен кездесті.
Жиында көпбалалы аналарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі тілге тиек болды.
Депутат бұл шешімін таппай тұрған өзекті әрі өткір мәселе екенін атап өтті.
– Тұрғын үй әр отбасына қолжетімді болуы керек. Бұл үшін көпбалалы отбасына берілетін ипотекалық қарыздың пайыздық мөлшерлемесі 2% - ға төмендетілуі тиіс. Ал алғашқы жарна 10% - дан аспауы керек. Тіпті 10% - дың өзі көп. Ал «Отбасы банкпен» үй алу үшін алғашқы жарна ретінде тұрғын үйдің 50%-ын жинау қажет. Бұл көпбалалы отбасын тығырыққа тірейтін талап, – деді Г.Танашева.
Депутат елімізде 550 мың көпбалалы отбасы бар екенін, олардың барлығы емес, 7,5%-ы ғана атаулы әлеуметтік көмек алатынын айтты.
– Көпбалалы отбасының 92,5%-ы атаулы әлеуметтік көмек алмайды. Шындығына келетін болсақ, олардың барлығының жағдайы жақсы деуге келмейді. Тұрмысы төмендердің саны көп. Жақсы әрі сапалы өмір сүріп жатқандары 10% шамасында ғана, – деді депутат.
Г.Танашева Мәжілістің жалпы отырысында балаға төленетін жәрдемақының мөлшерін арттыру қажет екенін айтқанын еске салды. Ол әр алаға нақты көлемде, жұмсауға жеткілікті мөлшерде бірыңғай жәрдемақы төлеген дұрыс деп санайтынын жеткізді.
– Біз ең төменгі жалақы мөлшерінде әр балаға айына 70 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы белгілеуді қарастыруды ұсындық. Осылай болғанда 4 балаға 280 мың, 2 балаға 140 мың теңге жәрдемақы төленеді. Қазіргі уақытта 4 балалы ана 55 340 теңге жәрдемақы алады. Әр балаға айына 13 826 теңге бөлінеді. Мұнда инфляцияның тұрақты өсуі, экономикалық тұрақсыз жағдай, тұрғын үйдің жоқтығы және халықтың осы санатындағы адамдардың тұрақты жұмыспен қамтылмағаны ескерілмеген, – деді мәжілісмен.
Бұдан кейін Г.Танашева «Аяла» ерекше балаларға арналған мектеп-интернатына барып, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты.