Өңірлерге жұмыс сапары барысында Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Гаухар Танашева Қарасай аудандық мәдениет үйінде көпбалалы аналармен кездесті.
Жиында партияның көпбалалы отбасының мәртебесін өмір бойы сақтау туралы ұсынысы тілге тиек болды. (Бұған дейін партияның парламенттік фракциясы мәселені Мәжілісте көтерген еді). Партия өкілдері 4 немесе одан да көп баласы бар ата-аналардың мәртебесін «Неке және отбасы туралы» заңда ресми бекітуге бастамашы болды. Бұл үлкен балалар кәмелетке толған кезде көпбалалы отбасылардың балаларына алып отырған жәрдемақысын сақтауға мүмкіндік береді.
– Үкіметті бізді қолдауға және осы бастаманы іске асыру үшін қажетті шара қабылдауға шақырамыз, – деді сол кезде депутаттар. – Бұл ана мен баланы әлеуметтік қорғаудың маңызды тетігі болады.
Бұған дейін Қазақстан Халық партиясы атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) 70 000 теңгені құрайтын ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерінде бекітіп, балалардың жәрдемақымен алмастыруды ұсынған болатын.
АӘК - ке үміткер болу үшін көпбалалы жұмыс істемейтін аналар жүздеген сынақтан өтуі керек. Әдетте, мұндай жағдайда әйелдер бюрократия мен мемлекеттік органдардың әуре-сарсаңының салдарынан салы суға кетеді.
– Біз бастамаларымызды жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз! – деді ҚХП депутаты.