Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева өңірлерге жұмыс сапары барысында Қазақстан Халық партиясынан Жамбыл облысының қалалық және аудандық мәслихаттарына сайланған депутаттармен, «Анаға тағзым» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерімен, көпбалалы аналармен және кәсіподақ ұйымдарының мүшелерімен кездесті.
Г.Танашева халық саны ұлттық және әскери қауіпсіздікке кепіл бола алатынын айтып, көпбалалы отбасылар бұл міндетті мінсіз атқарып отырғанын мәлімдеді.
Ана мен бала мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрген жағдайда ғана әлеуметтік мәселелердің түйіні тарқайды. Мемлекет ана мен баланы қорғауы керек. Көпбалалы отбасылар атаулы әлеуметтік көмек емес, әр балаға жәрдемақы алуға тиіс, – деді депутат.
Г.Танашева министрлер кабинетіндегі кемшіліктердің зардабын қарапайым халық тартатынына тоқталды. – Министрліктер жұмысын жүйелі әрі жоспарлы ұйымдастырса, қателікке бой алдырмас еді. Өкінішке қарай, бізде бұлай емес. Себебі барлық жерді жемқорлық жайлап алған. Бөлінген қаржы халыққа жетпейді, – деді мәжілісмен.
Депутаттың сөзінше, партия әділетті әлеуметтік мемлекет құруды көздейді. Бұл үшін Қазақстанда қалыптасқан капитализм жүйесінің әлпетін түбегейлі өзгертіп, медицина, білім салаларының сапасын көтеру керек.
– Біз заңсыз жекешелендіру қорытындыларын қайта қарауды және барлық кәсіпорындарды мемлекетке қайтаруды қолдаймыз. Маңызды инфрақұрылымдық салалар мен стратегиялық әлеуеті зор кәсіпорындардың мемлекет меншігіне қайтарылуын талап етеміз! – деді Г.Танашева.
Мәжілісменнің мәлімдеуінше, жалдамалы жұмысшылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың құқығын қорғайтын жаңа Еңбек Кодексі әзірленуі тиіс.
– Біз тәуелсіз және мықты кәсіподақтар болуын қолдаймыз! Көпбалалы және мүгедек балалардың ата-аналарының тұрақты мәртебесін бекіткен дұрыс деп санаймыз. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-ана 55 жасқа дейін зейнетке шығуы тиіс және олар үшін қысқартылған жұмыс күні белгіленуі керек. Қазір бізде 5 баласы бар көпбалалы ана зейнетке 53 жаста шығады. Біз 4 баласы бар көпбалалы аналар да осы жаста зейнетке шығуы керек деп есептейміз, – деді депутат.