Халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпазы атанған оқушылар ақшалай сыйақы алатын болады. Мұндай норма мәдениет және білім беру мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілетін өзгерістерде қарастырылған. Аталған заң жобасын депутаттар ұсынды.
Өзгерістердің бірі – халықаралық ғылыми жобалар байқауларында жеңімпаз және жүлдегер атанған оқушыларға, сондай-ақ оларды осы сайыстарға дайындаған мұғалімдерге бір реттік ақшалай төлемдер беру. Бұл ереже талантты балалар мен олардың ұстаздарын қолдауға бағытталған.
Алайда, Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова бұл сыйақы нағыз лайықты адамдардың қолына жете ме деген күмәнін білдірді.
– Жасырын емес, көбіне оқушыларды ғылыми жобаларға, олимпиадаларға мектеп мұғалімдері емес, арнайы жаттықтырушылар немесе басқа ұйымдар дайындайды. Олай болса, жүлде кімге беріледі? Онсыз да еңбекақысын алып отырған номиналды мұғалімге ме? Әлде, шын мәнінде баланы дайындап, жеңіске жеткізген адамға ма? - деп сұрады депутат.
Экс-министр, қазіргі Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл мәселе назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
– Мұнда бастысы – әділеттілік. Біз номиналды түрде сабақ бергендерге емес, нақты осы оқушымен жұмыс істеген, оны жетістікке жеткізген педагогтерге сыйақы беруді көздеп отырмыз. Бұл жүйенің негізгі мақсаты да – осы, - деді Аймағамбетов.