
Шетелдік инвестицияларды тарту мәселелері бойынша өткен кеңесте ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Kazakh Invest ұлттық компаниясын және өңірлік әкімдіктерді мақұлданған жобаларды іске асырудағы олқылықтары мен кедергілері үшін сынға алды. Өңірлерге жүзеге асыру үшін жолданған 25 жобаның тек үшеуі бойынша ғана белсенді жұмыс жүргізілуде. Kazakh Invest басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұловқа ескерту жарияланды.
Премьер-министр инвесторлардың құқықтарын қорғау және қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру барлық мемлекеттік органдардың ортақ міндеті екенін атап өтті.
– Әрбір инвестор өз мүддесінің қорғалатынына, даулардың әділ шешілетініне және мемлекеттік институттардың жұмысы ашық болатынына сенімді болуы тиіс, – деді О.Бектенов. – Көптеген мәселелердің түп-төркіні бюрократия мен жергілікті деңгейдегі үдерістің созбалаңға салынуынан туындайды. Экономикамызға қаржы салуға дайын инвестордың айлар бойы қарапайым техникалық шарттарды немесе құқық белгілейтін құжаттарды ала алмауына жол беруге болмайды.
Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Ирина Смирнова шенеуніктердің әрекетсіздігін елге зиян келтіру деп санайды.
– Маған онға жуық инвестор жүгінді, – деді ол. – Бірақ олардың ұсыныстары ешкімді бірде-бір рет қызықтырған жоқ!
Бұған дейін мәжілісмен бұл мәселені депутаттық сауалында көтерген болатын.
Статистикалық деректерге сүйенсек, тек елорда соттарына инвесторлардан 900-ден астам талап-арыз түскен. Мұндай істердің 80% талап қоюшылардың пайдасына шешілген.
– Көп жағдайда мәселе инвестордың жосықсыздығынан емес, бюрократиялық кедергілерден, шенеуніктердің немқұрайлылығынан, кейде тіпті озбырлығынан туындайды, – деп атап өткен еді сол кезде И. Смирнова.
@halyk_partiyasy