
Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова мемлекеттік бюджеттен спортты қаржыландыруға бөлінетін қаражатты бақылау үшін арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды. Бұл бастамасын ол Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясы ұйымдастырған «Инфрақұрылым мен қолжетімділік. Әлеуметтік әріптестік. Бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортын дамыту мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстелде айтты.
Мәжіліс депутатының пікірінше, мемлекет спортқа ақша үнемдеп отырған жоқ. Алайда бұл қаржы діттеген жеріне жетпей, жолай түрлі құрылымдарда «ыдырап» кетеді.
– Бұл қаржылар әртүрлі бағыттарға бөлініп, түрлі министрліктерге түседі. Ал сол жердегі шенеуніктер өз саласы бойынша оны өз бетінше жұмсайды. Ал нақты балалар мен бұқаралық спортқа дейін бұл қаражат жетпейді деуге болады, - деді Смирнова.
Осыны анықтау үшін жұмыс тобын құру қажет. Қай ақша қайда, қандай мақсатқа жұмсалып жатыр соны ашық зерттеу керек.
– Бұл қаражатты министрліктер емес, салық төлеушілер береді. Яғни бұл – халықтың ақшасы! Мұны ашық айтуымыз керек, – деді депутат.
Оның айтуынша, қазіргі таңда бөлінген қаржы қаншалықты тиімді игеріліп жатқаны, спортшылардың білімі қандай әдістемемен сүйемелденіп отырғаны және бұл процестердің медициналық негіздемесі бар ма – осы сұрақтарға жауап жоқ.
– Министрліктер мен ведомстволар әлі күнге дейін бірлесіп жұмыс істеуді үйрене алмай келеді. Сондықтан, ақыр соңында бұл ақша «құмға сіңгендей» болып отыр. Еш нәтиже болмайды. Шынайы нәтиже үшін мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімді жұмысты жолға қою керек, – деп түйіндеді Ирина Смирнова.
Сонымен қатар, ол Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінен арнайы сауал жолдап, қарамағындағы Дене шынықтыру институты бола тұра, бұқаралық балалар мен жасөспірімдер спортына нақты қанша қаржы жұмсалып жатқанын анықтап беруді сұрады.
@halyk_partiyasy