ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев Қытай Халық Республикасынан келген делегациямен кездесті. Делегацияны Қытай Коммунистік партиясы Цинхай провинциялық комитетінің хатшысы У Сяоцзюнь бастап келді.
Кездесу барысында Ертісбаев ҚХП-ның Қытай Компартиясының Орталық комитеті Халықаралық бөліммен тығыз байланыс орнатып, олардың шақыруымен бірнеше рет халықаралық саммиттер мен форумдарға қатысқанын атап өтті. Ол Қытай коммунистері жүргізіп отырған саяси және экономикалық бағытқа ерекше тоқталды.

– Қытай Коммунистік партиясының басшылығымен Қытай орасан жетістікке жетті. Бүгінде ол әлемдегі екінші экономикаға айналып, тіпті «әлем фабрикасы» деген де атауға ие болды. Сіздердің партияларыңыздың тәжірибесі біз үшін ғана емес, бүкіл әлемдік саяси тарих үшін маңызды, – деді Ермұхамет Ертісбаев.

ҚХП төрағасы партияның қазіргі қызметіне де тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда ҚХП елдегі №1 медиа-партияға айналған. Партияның жеке бейнеарналары мен миллиондаған қаралым жинап жүрген әлеуметтік желідегі парақшалары бар.
– Мен телебағдарламаларымда да, интернет жобаларымда да Қытай туралы жиі айтып жүремін. Мұндай жобалардың арқасында біз Қазақстан мен Қытай мәдениетін, халықтарымыздың арасын жақындата түсеміз, – деді Ертісбаев.

Өз кезегінде У Сяоцзюнь делегацияның Қазақстандағы сапары жөнінде айтты. Қытайлық қонақтар Алматы қаласы мен облысына барып, жергілікті басшылармен кездескен. Сапар нәтижелі болды: Цинхай провинциясы мен Алматы облысы бауырлас өңір атанып, алты сала бойынша стратегиялық келісімдерге қол қойды. Бұған қоса, делегация құрамындағы 40-қа жуық қытайлық инвестор қатысқан таныстырылым өткізілді.

– Біздің сапарымыздың басты мақсаты – Қытай мен Қазақстан арасындағы партияаралық диалогты нығайту. Сонымен бірге, партиялар арасындағы ынтымақтастықты арттырып, халықтарымыздың өзара түсіністігін тереңдету, – деді У Сяоцзюнь.
Ол Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының саяси, экономикалық және гуманитарлық салаларда өзара тиімді әрі нәтижелі дамып келе жатқанын атап өтті. Перспективті бағыттардың қатарында қала құрылысы, көлік жүйесі мен энергетика бар. Сондай-ақ, ҚХР өкілі Қазақстан мен Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» мегажобасы аясындағы серіктестігіне ерекше тоқталды.

Кездесу соңында тараптар естелік сыйлықтармен алмасты.


@halyk_partiyasy