Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл құжатты Қазақстан Халық партиясы уақытылы әрі заңды қадам, мемлекеттік идеологияны жүйелеуге бағытталған маңызды шешім деп бағалайды.
Бағыттар бұрыннан белгілі, оларды Мемлекет басшысы бұған дейін жариялаған болатын: «Заң және тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан». Құжаттың маңызы жаңа концепцияларды жасауда емес, алғаш рет ресми деңгейде негізгі принциптер мен тәсілдердің біріктіріліп, жүйеленуінде. Бұл принциптер соңғы жылдары қоғам санасында және мемлекеттік тәжірибеде біртіндеп қалыптасып келді.

Бұл құжат Президент ұсынған және Ұлттық құрылтайда талқыланған Әділетті Қазақстан тұжырымдамасын нақты іске асырылатын, міндетті құжат деңгейіне көтереді. Жарлық елдің идеологиялық бағдарын айқындап қана қоймай, оны жүзеге асырудың нақты тетіктерін де белгілейді. Тек нақты жобаны бекіткенде ғана Жаңа Әділетті Қазақстанды құра аламыз.
Қазақстан Халық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мирас Әукенов қабылданған Жарлықтың практикалық маңызы зор екенін және оның биліктің барлық деңгейіне нақты бағыт беретінін атап өтті.
– Халық партиясы үшін бұл Жарлық жай ғана жалпы сипаттағы құжат емес, нақты іс-қимыл жоспары. Оның құндылығы – принцип пен тәжірибенің үйлесімінде. Мұнда «Заң мен тәртіп», биліктің есептілігі, қоғаммен ашық диалог, жауапкершілік пен жасампаздық мәдениеті сияқты маңызды ұстанымдар көрініс тапқан. Біз саясатты кәсібилендіру бағытын толық қолдаймыз. Алдағы парламенттік реформа, партиялық тізімдер арқылы бір палаталы Парламент құру – өкілдіктің сапасын арттырып, шешім қабылдау процесін жетілдіретін маңызды қадам, - деді ол.

ҚХП төрағасы орынбасарының айтуынша, басты назар нақты іске бағытталуы тиіс, ал бюрократияны көбейтуге жол бермеу керек.
– Жаңа құрылымдар құрудан бұрын, бар алаңдар мен тетіктердің жұмысын мазмұн жағынан күшейту маңызды. Біздің мақсатымыз – әлеуметтік саясат, экономика, экология және жастармен жұмыс салаларында ұстанымдарды үйлестіру мен ортақ бастамаларды іске асыру. Осындай тәсіл ғана халықтың күнделікті өміріне әсер ететін нақты нәтижелерге жеткізеді,- деді ол.
Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың пікірінше, құжатта көрсетілген қағидаттар әрбір қазақстандықтың өмірлік ұстанымдарымен үндес.
– Онда бірлік, азаматтық жауапкершілік, өзара құрмет пен билік пен халық арасындағы ашық диалог құндылықтары айқын көрініс тапқан, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың пікірінше, Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар елде ашықтық пен пікір еркіндігіне негізделген жаңа қоғамдық-саяси ахуал қалыптастырды.
– Реформалар қоғам санасын оятты. Концепцияда мемлекет қоғамдық сананы демократия мен ашықтық қағидаттарына сүйене отырып дамытуға бар мүмкіндігін жұмсайтыны айқын көрсетілген, – деді Магеррамов.
Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, партияның «JAS ORTA» жастар қанатының жетекшісі Ислам Сұңқар Жарлықтағы жастар саясатын дамытуға арналған бөлімдерге ерекше назар аударды. Құжатта бұл бағыт негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалған.
– Бұл – жас ұрпақтың тек қолдау нысаны ғана емес, елдің стратегиялық әлеуеті ретінде қарастырылып отырғанын көрсетеді. Жастар ішкі саясаттың негізгі қатысушысы ретінде айқындалған. Мұнда олардың белсенділігіне, бастамашылдығына, әлеуметтік алуандылығына және қоғамдық диалогтағы рөліне ерекше мән берілген, - деп атап өтті И.Сұңқар.

Ислам Сұңқардың айтуынша, бұл Концепция бұрыннан бар құқықтық негізді толықтырып, нығайта түседі, сонымен бірге құндылық бағдарлар мен нақты іс-шараларды бір арнаға тоғыстырады.
– Бүгінде жастар бастама көтеріп, өз ұсыныстарын тікелей жеткізуге мүмкіндігі бар. Олар мәселені тек сынап қана қоймай, шешу жолдарын да ұсына алады. Яғни, жастар «Адал азамат» қағидаттары мен құндылықтарына сүйене отырып, өз әлеуетін іске асыру арқылы Әділетті Қазақстанды бірге құруда, - деді ол.
Қазақстан Халық партиясы Орталық аппараты аналитикалық бөлімінің жетекшісі, заңгер Сұлтанбек Құдабай ҚХП «Заң мен тәртіп» қағидатын тұрақты түрде қолдайтынын атап өтті.

– Бұл біз үшін құжаттағы жай ғана бап емес, партия бағдарламасында айқын көрсетілген негізгі талап. Құжаттың бірнеше тарауы тәуелсіз сот жүйесі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған. Сондықтан бұл баптардың Жарлықта бекітілуі партиямыздың дұрыс бағытта жүргенін және қоғамдағы әділдікке деген сұраныстың расталуы деп санаймыз, - деді ол.
Сұлтанбек Құдабайдың айтуынша, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты да елде болып жатқан нақты өзгерістерді көрсетеді.
– Бұл Жарлықтағы бап декларация емес, жүргізіліп жатқан процесті мойындау. 2025 жылы 48 мемлекеттік орган Ашықтық индексі бойынша бағалаудан өтті, ал Қазақстан Open Data Inventory (ODIN) халықаралық рейтингінде 44-орынға көтерілді. Барлығы да биліктің ашықтығына деген қоғам сұранысының нақты жүзеге асып келе жатқанын көрсетеді, - деді ол.
ҚХП облыстық филиалдары құжатты мұқият зерттеп, талдады және оны іске асыруға қатысты өз ұсыныстарын жеткізді. Атырау облыстық ҚХП филиалының төрайымы Балжан Досмұхамбетова Жарлықта көрсетілген негізгі қағидаттардың партия бағдарламасындағы ұстанымдармен толық сәйкес келетінін атап өтті. Атап айтқанда: әділеттілік, заңдылық және әрбір азаматтың құқығын қорғау. Филиал осы бағыт ойынша бірнеше ұсыныс жасады. Олар: әкімшілік, қоғамдық кеңестер мен цифрлық кері байланыс арналарын біріктіретін «Аймақтық қоғамдық диалог орталығын» құру, мектептер мен колледждерде адалдық, этика және әлеуметтік жауапкершілікке арналған азаматтық тәрбиелеу бағдарламасын іске қосу, әрбір өңір үшін экологиялық стратегия әзірлеу және елді мекендердің тазалығы бойынша аймақтық рейтинг енгізу, Жарлықтың орындалуы жөнінде облыс әкімінің жыл сайынғы ашық есеп беруі, халыққа билік органдарының жұмысын бағалауға мүмкіндік беретін қоғамдық мониторинг жүйесін құру, сондай-ақ қаржының жұмсалуын талқылауға арналған «ашық бюджет апталығын» ұйымдастыру.
– Бұл бастамаларды іске асыру Президент қойған міндеттерді орындауға ғана емес, сонымен бірге азаматтардың билікке деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Досмұхамбетова.
Павлодар облыстық ҚХП филиалының төрағасы Әлімбек Ағыбаев Жарлықты елде қазір жүргізіліп жатқан реформалардың тікелей жалғасы деп атап өтті. Филиал сонымен қатар құжат қағидаттарын жүзеге асыруға қатысты өз ұсыныстарын айтты. Оның айтуынша, «Заң және тәртіп» қағидатының нақты іске асуы үшін ең алдымен халықтың ой-санасын өзгерту қажет және кез келген құқықбұзушылыққа төзбеуді тәрбиелеу керек. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыру үшін билік өкілдері ашық қарым-қатынасқа көшіп, БАҚ алдындағы ыңғайсыз сұрақтардан жалтармауы және блогерлерді, журналистер мен қоғам белсенділерін, радикалдар мен экстремисттерді қоспағанда, қудалауды тоқтатуы тиіс.

«Күшті Президент – ықпалды парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты бойынша ең тиімді жол – жоспарланып отырған парламенттік реформаны жүзеге асыру, нәтижесінде әртүрлі партиялардың коалициялық өкілділігінен тұратын бірпалатты Парламент құру (ҚЗП бұл туралы сайлауалды бағдарламасында да айтқан).
Ал «Адал азамат» қағидатын енгізу кезінде партия мүшелерінің пікірінше, әлеуметтік желілерге ерекше көңіл бөлу қажет, себебі олар қазіргі әлемде азаматтардың дүниетанымына зор ықпал етеді.
Шешім қабылданды – енді алда іске асыру мәселесі тұр. Түркістан облыстық ҚХП филиалының төрайымы Зухра Қамбарова ұсынылған концепцияның ең алдымен қоғамдық сананы жаңғырту міндетін қойып отырғанына келісетінін айтты.
– Негізгі идея – ашық, мықты және дамыған ел, жауапты және өркениетті қоғам – барлығы үшін тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстан құру. Өте жақсы идея! Міне, біздің басты ұранымыз осындай болуы тиіс, - деп атап өтті ол.

Қамбарованың пікірінше, Жарлықты жүзеге асыру үшін қойылған міндеттерді орындау механизмдерін жетілдіру қажет. Ең алдымен, ол ұлтаралық, діни және жастар бағдарламаларындағы барлық олқылықты жою қажет деп санайды. Бұл бағытта үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанына қарамастан, өңірде, әсіресе жастар арасында, кейде ұлтаралық қақтығыстар орын алады.
– Мемлекеттік органдардың Жарлық қағидаттарын орындауға нақты жауапкершілігін енгізу қажет. Сонымен қатар, барлық қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың әлеуетін біріктіріп, жалпы іске көңіл бөлу керек. Сол кезде концепция толыққанды халықтық бастамаға айналады, - деді филиал басшысы.
Өскемен қалалық маслихатының депутаты, Шығыс Қазақстан облыстық ҚХП филиалының бірінші орынбасары Анжела Горностаева Жарлықты ішкі саясатты жүйелеу және бірегейлікті нығайтуға бағытталған алғашқы бағдарламалық құжат деп атады.
– Дегенмен, концепция тек қоғамды жаңғыртамын деп декларация жасау емес, онда барлық құрылымдардың вертикаль және горизонталь бойынша нақты өзара әрекеттесуін қамту маңызды. Құжаттың тиімділігін бағалау үшін әдістемелік ұсыныстар мен индикаторлар әзірленуі керек. Сол арқылы қандай бағыттарда олқылықтар бар екенін анықтап, бағдарламалардың орындалуын тұрақты бақылауға алуға болады, - деп атап өтті ол.

Кадрлық мәселе де өзекті: жаңа формациядағы менеджерлер қажет, олар қазіргі заманғы барлық технологияларды меңгерген болуы тиіс. Бұл Мемлекеттік қызмет академиясының қатысушыларына арнап жаңа оқу немесе қайта даярлау бағдарламаларын енгізуді талап етеді.
– Сондай-ақ, мемлекеттік қызметке лайықты адамдарды іріктеу принципін заңмен бекітіп, талантты жастар үшін өзара сенімхат пен пайдалы байланыстарсыз ашық «әлеуметтік лифттер» құру қажет, – деп нақтылады Горностаева.
Шығыс Қазақстан облысы үшін өзекті мәселе – экологиялық проблемалар. Мұнда «Таза Қазақстан» қағидатын іске асыру ауадай қажет.
– Бұл бағытта нақты реттеу концепциясы, қоршаған ортаны ластайтын кәсіпорындарға ықпал ету алгоритмі және эмиссияларды пайдалану бақылауы жоқ. Қазіргі заңдар өз тиімділігін көрсетпегендіктен, осы саладағы заңнаманы қайта қарастыру қажет, - деп түсіндірді Горностаева.
Барлық партия мүшелерінің пікірін біріктірсек, Қазақстан Халық партиясы Президент қабылдаған Жарлықты елдің тұрақты дамуы үшін маңызды концептуалды негіз ретінде қарастырады деп түйіндеуге болады. Партия өз тарапынан мемлекеттік органдармен конструктивті ынтымақтастыққа дайын және құжатты практикалық тұрғыда жүзеге асыруға белсенді түрде ат салысуды жоспарлап отыр. Нәтижелі мақсаттар мен ҚХП бағдарламалары үндес – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайту, мемлекеттік басқарудың сапасын арттыру және оның нәтижесінде әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейін жақсарту.
@halyk_partiyasy