«Құрылысы» бітпеген Құрылыс Кодексі ме?

dep.jpg

Сарапшылар қауымдастығы Құрылыс Кодексіне қарсы. «Сарапшылық ұйымдар палатасы» өкілдері құжатты пысықтауға жіберуді ұсынды. Бұл пікірді олар Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы ұйымдастырған «Жаңа Құрылыс Кодексі: құрылыс саласының болашағы қандай болады?» атты кездесу барысында айтты.

Іс-шара модераторы, ҚХП фракциясының басшысы, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов атап өткендей, құрылыс саласындағы дағдарыс туралы бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Құрылысшылар бюрократия мен жасанды әкімшілік кедергілерге наразылық танытса, тұтынушылар құрылыстың ретсіз тоқтап қалуы мен сапаның сын көтермейтініне және тұрғын үй бағасының тым жоғары екеніне шағымданады. Құрылыс саласын нақты реттейтін нормалардың бірыңғай жинағын құру саланың дамуына оң әсер ететін еді. Ендігі жерде «Бұл нормалар қандай болады?» деген сұрақ туындап отыр.

– Мемлекет, құрылыс бизнесі мен жұртшылық мүдделерінің тепе-теңдігін сақтау қажет, - деді ҚХП фракциясының басшысы.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин жаңа құжаттың жобасын және оның басты артықшылықтарын қысқаша айтып өтті. Жаң құжатта қағазбастылық қысқартылған, құрылыстың сапасы мен қауіпсіздігі, соның ішінде сейсмикалық қауіпсіздігі арттырылған.

– Құрылыс Кодексі құрылыс ұйымдарына сапалы бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деп мәлімдеді вице-министр, өз сөзінің қорытындысында.

Ал, сараптамалық ұйымдар палатасының Басқарма төрағасы. Бірлік Ережепов құжаттың сапасына күмән келтірді. Ол жобаның көптеген нормалары қарама-қайшы келетінін немесе бір-бірін қайталайтынын, жаңа Кодекс мемлекеттік емес, тәуелсіз сараптама институтын іс жүзінде жоятынын және «Мемсараптама» РМК үшін монополиялық жағдайлар жасайтынын, онда шығармашылық одақтардың мүдделері ескерілмегенін және тағы да бірқатар олқылықтар бар екенін атап өтті.

– Кәсіби қоғамдастық жобаның бірнеше тұсында Заң нормаларының бұзылуына байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне пысықтауға қайтару туралы ортақ ұсыныс білдіреді, - деп түйіндеді сарапшы. - Ал онымен одан әрі жұмыс істеу кезінде, нарыққа қатысушы барлық тараптардың тілектерін ескеру керек.

Сарапшылар қоғамдастығының қорытынды пікірі бойынша, жаңа Құрылыс Кодексі саланың қазіргі проблемаларын шешу былай тұрсын, керісінше, мәселенің бәрін қиындатып жібереді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy