Құрылысына 220 млн доллар жұмсалған Алматы әуежайының жаңа терминалын су басты

dep.jpg

Алматыда қатты жаңбырдан соң әуежайдың жаңа терминалын су басты. Ғимаратты су басқаны туралы видеолар әлеуметтік желілерде тарап кетті.

2020 жылдан бастап Алматы халықаралық әуежайы түркиялық TAV Airports Holding компаниясына тиесілі. Ал жаңа халықаралық жолаушылар терминалын салу үшін 220 миллион доллардан астам қаражат көлемінде инвестиция тартылған.

Әуежайдың баспасөз қызметі орын алған төтенше жағдайға қатысты түсініктеме беріп, тиісті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.

– Биіктіктің айырмашылығына байланысты ескі және жаңа терминал арасында жаңбыр суы жиналып қалды. Салдарынан халықаралық рейстердің келу залын су басты. Бұл мәселені шешу үшін әуежайдың барлық қажетті қызметі жұмылдырылды. Техникалық мамандар нөсер ағындарын тазарту жұмыстарын жүргізуде, – деп хабарлады Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі.

Алайда, бұл екі жыл ішінде асығыс тұрғызылған терминалға қатысты жолаушылардың алғашқы шағымы емес. Алматылықтар ғимараттың сыртқы кейпіне, әйнек қасбетіндегі жарықтарға, сондай-ақ жұмыс істемейтін эскалаторлар мен багаж таспаларына қатысты наразылықтарын бұған дейін айтқан болатын.

Ал ресейлік блогер Илья Варламов жаңа терминалда мүгедектігі бар адамдар үшін, атап айтқанда, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған инфрақұрылым мәселелері ақсап тұрғанын жеткізген еді. Оның айтуынша, терминалда лифттер нашар жұмыс істейді, тіпті жолаушыларды ток ұратын көрінеді.

Жалпы, әуежайды "қайта құру" идеясының өзі басынан-ақ азаматтар тарапынан негативке ұшыраған еді. Себебі, тарихи, архитектуралық және мәдени құндылығы бар 1936 жылы салынған ескі терминалдың ғимараты түгелдей бұзылып тасталды.

Қазақстан халық партиясының депутаты Ирина Смирнова жаңа терминалды су басуына қатысты пікірін ащы мысқылмен жеткізді.

- Алматы әуежайы өте сапалы салынған. Тіпті, 10 балдық жер сілкінісіне де төтеп бере алады. Шынымды айтсам, мұндайды бұрын-соңды біздің ескі порт пен перронда да көрген емеспін, – деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ, ол терминал құрылысы кезінде ешкім отандық сәулетшілердің пікіріне құлақ аспағанын, сәйкесінше "бөтен адамдар" ғимаратты қалай болса солай тұрғыза салғанын күйінішпен атап өтті.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy