«Күш әрқайсымызда!»: Петропавлда ҚХП жақтастарының форумы өтті

Петропавл қаласындағы «Digital Urpaq» оқушылар сарайында «Күш әрқайсымызда!» атты Қазақстан Халық партиясы жақтастарының форумы өтті. Іс-шараға ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев, аймақтық филиал басшылары, сондай-ақ партияның әйелдер және жастар қанатының өкілдері мен белсенділер қатысты.

Форумды ҚХП Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Ерғали Жұмағұлов ашты. Ал Ермұхамет Ертісбаев қатысушыларды құттықтай келе, бүгінде қазақстандықтар ұлы өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бір адамның өз күшімен тіпті өз үйін, ауданын, қаласын немесе елін түбегейлі өзгертуі мүмкін емес.

– Партияның мақсаты қандай? Әрине, билікке келу. Бірақ бұл түпкілікті мақсат болмауы тиіс. Билік – елді өзгертуге арналған құрал ғана. Менің арманым – Қазақстанды ең бай, өркендеген мемлекетке айналдыру. Біз бұған қолжеткізе аламыз, – деді ҚХП төрағасы.

1

Форумның құрметті қонақтарының бірі – партия белсендісі, блогер және мотивациялық спикер, Паралимпиада құрамасының мүшесі Айсұлу Сүлейменова болды. Жол-көлік оқиғасынан кейін екі аяғынан айырылғанына қарамастан, ол белсенді өмір сүруді жалғастырып келеді: көлік жүргізеді, саяхаттайды және спортпен кәсіби түрде айналысады. Сондай-ақ, қиын сәтте өмірді қалай қайтадан бастауға болатыны жөнінде өз тәжірибесін бөліседі.

– «Мүмкін емес» деген ұғым сіз алғашқы қадам жасағанға дейін ғана. Мен ең қиын сәтте сол қадамды жасай алдым. Егер менің қолымнан келсе, сіздің де қолыңыздан келетініне сенімдімін, – деді ол.

ҚХП фракциясының Мәжіліс депутаты, «Jas Orta» жастар қанатының жетекшісі Ислам Сұңқар партия азаматтардың өзін-өзі дамыту алаңы бола алатынын айтты. Ол өз жолын белесенді-студент болып бастап, бүгінгі таңда Мәжіліс депутатына дейін жеткенін мысалға келтірді.

– Партия – саясатқа келудің және сайлауға қатысудың табиғи құралы. Бұл – жастарға өз әлеуетін көрсетуге мүмкіндік беретін саяси трамплин, – деді Ислам Сұңқар.

2

«Көмек» түзету және дамыту орталығының жетекшісі Ғалия Баязитова Қазақстан Халық партиясының ерекше балаларды қолдау ісімен жүйелі және табанды түрде айналысып келе жатқан жалғыз саяси күш екенін айтты.

– Бұл есеп үшін емес, әр өңірде, әр отбасыда ерекше баласы бар жандарға үміт пен нақты нәтиже беру үшін жасалып жатқан жұмыс. ҚХП-ның қызметі – әлеуметтік әділдік пен тең мүмкіндіктердің іргетасын қалау, – деді Баязитова.

3

Партия белсендісі әрі жуырда мәслихат депутаты атанған Николай Новиков та ҚХП алаңы азаматтық белсенділер үшін тамаша мүмкіндік екенін атап өтті.

– Жай ғана белсенді азаматтан жергілікті өкілдік орган депутатына дейін көтерілуім – ҚПХ арқасында мүмкін болды. Мен жалғыз емеспін. Біздің партия елдің ең іскер, бастамашыл әрі креативті азаматтарын біріктіріп, олардың күшін тиісті түрде бағыттай біледі, – деді ол.

4

ҚХП Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының әйелдер қанатының жетекшісі Гүлбақша Мұсабаева партия жұмысындағы және елдің дамуындағы әйелдердің рөлі туралы айтты.

– Біз әйелдер тек қоғамдық-саяси өмірге қатысушы емес, өзгелерге шабыт беретін, отбасын да, елдің болашағын да нығайтатын көшбасшы бола алатын кеңістік қалыптастырып жатырмыз. Белсенді әйел – бұл жай ғана рөл емес, бұл – миссия, шабыт және жасампаздық күш, – деді Мұсабаева.

Форум соңында «Еңбек адамы-2025» және «WorldSkills Kazakhstan» байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара партия қатарына жаңадан қосылған мүшелерге ҚХП билеттерін салтанатты түрде табыстаумен аяқталды.

Форумнан кейін партия басшылығы «Қызылжар-сүт» сүт-тауар фермасына барды. Бұл – өндіріс толықтай автоматтандырылған (сауу және азықтандыру жүйесі) әрі цифрландырылған (мал басын есепке алу) заманауи кешен. Кәсіпорында 1 860 бас ірі қара мал бар, оның 720-сы – асыл тұқымды сауын сиыр. 2023 жылы бұл жобаға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары баға беріп, мұндай өндірістердің еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызына ерекше тоқталған болатын.

ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев жақында ғана бастауыш партия ұйымы құрылған шаруашылық ұжымымен кездесті. Төраға бүгінде ҚХП қатарына өндіріс саласының өкілдері мен жұмысшы мамандық иелері жиі қосылып жатқанын айтып, ферма қызметкерлеріне партия билеттерін өзі табыстады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy