Қазақстанның күзет агенттіктерінің өкілдері мен басшылары өздерінің кәсіби қызметі туралы қолданыстағы заңнаманың кемшілігіне шағымданды.Олар өзекті мәселені Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының басшысы, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовпен кездесу барысында көтерді. Кездесу мәжілісменнің өңірлердегі жұмыс сапары аясында өтті.
Бұл салаға заңнамалық реформа қажет. Партия бұл ұстаныммен келіседі. ҚХП күзет қызметі туралы заң жобасын әзірледі. Құжатпен жұмыс қыркүйек айында басталады. Магеррам Магеррамов күзет агенттіктерінің өкілдерін ынтымақтастыққа шақырды.
– Сіздер кәсіби мамансыздар, – деп атап өтті мәжілісмен. – Не істеу керектігін сіздерден артық кім біледі? Біз мемлекет мүддесін жоғары қоямыз. Соңғы оқиғалар сіздердің салаларыңызға мұқият назар аудару қажет екенін көрсетті. Сіздер қару-жарақпен жұмыс істейсіздер. Бірақ бұл сіздерді қысып, шектеу керек дегенді білдірмейді.
– Қазір Күзет қызметі шалажансар күйде жатыр, – деді Күзет қызметінің өкілдері. – Егер, оған бизнес ретінде қарасақ, ол бизнес емес! Барлығын түп тамырымен өзгерту қажет.
Күзет қызметінің өкілдері заңнаманы өзгерту бастамасын қолдады. Олардың сөзінше, қолданыстағы құжат ескірген және ол әу бастан дұрыс болмаған.
«Күзетшілер» лицензиялау мәселелері бойынша бірқатар ұсыныс білдірді. Олар нормативтік базаның жетіспеушілігіне және қорғалатын объектілерге қойылатын стандартты техникалық талаптардың жоқтығына қынжылды. Объективті тариф енгізуді және мамандардың біліктілігін арттыратын оқу орталықтарының жұмысын жақсарту қажеттігіне тоқталды.
Депутат осы және басқа да ұсыныстарды заң жобасымен жұмыс барысында ескеруге уәде берді. Бұдан кейін М. Магеррамов адвокаттармен, заң кеңесшілерімен, нотариустармен және жеке сот орындаушыларымен кездесіп, оларға партияның тағы бір заңнамалық бастамасы – адвокатура мәселелеріне арналған заң жобасы туралы баяндады. Сондай-ақ ол «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшылығымен кездесіп, пікір алмасты.