ҚХП депутаты дәрі-дәрмекке қатысты олқылықты сынға алынды

dep.jpeg

Қазақстанда эпилепсиямен ауыратын азаматтар қажетті дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай отыр. Бұл мәселені Мәжілістің жалпы отырысында ҚХП фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов көтерді. Оның айтуынша, тапшылық тек эпилепсияға шалдыққандарға ғана емес, басқа да неврологиялық дертке ұшыраған науқастарға қиындық тудырып отыр.

Депутаттың айтуынша, мұндай сырқатқа шалдыққан адамдар үнемі дәрімен қамтамасыз етілуі тиіс. Бірақ науқастарға қажетті дәрілердің бір бөлігі құрамында есірткілік заттары бар болғандықтан, олар арнайы тізімге енгізілген. Ал ол тізімге кіргеннен кейін препараттарды еркін сатып алу мүмкін болмайды.

– Бұл дәрілердің барлығы тек сол тізім аясында таратылып, нарыққа шықпайды. Бірақ бөлінген көлем барлық науқастың қажеттілігін жаппайды, – деді Магеррамов.

Салдарынан науқастар мен олардың туыстары тығырыққа тіреледі: бір жолы – заңсыз дәрі іздеу, екіншісі – өміріне тікелей қауіп төндіріп, дәрісіз қалу.

– Көптеген препараттың құрамында есірткілік заттар бар болғандықтан, мұндай жағдайда адамдар еркінен тыс қылмыстық жауапкершілік қаупімен бетпе-бет келіп қалады, – деді депутат.

Сонымен қатар, Қазақстандағы фармацевтика саласы әлемдік үрдістен едәуір артта қалған. Қазірдің өзінде шетелде балаларға да қолдануға болатын эпилепсия ұстамасын жедел тоқтататын мұрынға арналған дәрілер бар. Алайда елімізде шетелдік дәрі-дәрмектерді тіркеу жүйесі күрделі болғандықтан, азаматтарға мұндай заманауи емге қол жеткізу қиын.

– ҚХП фракциясы «Тізімге» енгізілген дәрілердің жетіспеушілігінен туындайтын осы бір күрделі мәселені тоқтату қажет деп санайды, – деп түйіндеді Магеррам Магеррамов.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy