Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Кенжеғұл Сейітжанның Атырау облысының сайлаушыларымен кездесуі жалғасып жатыр.
Бүгін депутат «Мөлдір көз» қоғамдық бірлестігінде болды. Басқосу барысында Әлеуметтік кодекстің кемшін тұстары тілге тиек етіліп, олқылықтың орнын толтыру қажеттігі айтылды.
– Қараша айында Парламенттік тыңдау өтеді. Сол жерде Әлеуметтік кодексті жетілдіруге қатысты министрлікке осыған дейін берген ұсыныстарымыз ескеріледі деген үміттенеміз, – деді К.Сейітжан.
Сөз арасында депутат кез келген заңға 6 айдан кейін ғана өзгеріс енгізуге болатынын нақтылады.
Айта кетейік, Әлеуметтік кодексте адамның базалық әлеуметтік құқықтары белгіленген. Құжатта мүгедектігі бар адамдарға ерекше назар аударылатыны жазылған. Ал іс жүзінде бұлай болып жатқан жоқ.
Кездесуге келгендер Еңбек және халықты қорғау министрлігі ұсынған құжаттың шикілігі көп екенін және ол мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік мәселелерін тиісінше шеше алмай отырғанын алға тартты.
Жұмыс сапары барысында К.Сейітжан «Қазақ зағиптар қоғамы» өкілдерімен, Зағиптар мен нашар көретіндерге арналған облыстық арнайы кітапхана қызметкерлерімен, сондай-ақ «Мүгедектер әлемі» үкіметтік емес ұйымының мүшелерімен кездесті. Бұдан кейін облыстық мүгедектігі бар жандарды оңалту орталығы мен «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорына және «Венера» инклюзивті шеберханасына барды.
Бұл жерлерде де мүгедектігі бар адамдарға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Депутат азаматтардың талабын билікке жеткізуге және оларды толғандырған мәселелердің шешілуіне ықпал етуге уәде берді.