
ҚХП депутаты, Президент жанындағы әлеуметтік осал топ өкілдерінің құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан жұмыс сапарымен Қарағандыға барды. Депутат мемлекеттік органдар өкілдері мен әлеуметтік кәсіпкерлердің басын қосқан кездесуге қатысты. Шараны қоғам белсендісі Гүлмира Пармашева ұйымдастырды.
Кенжеғұл Сейтжанның айтуынша, жиында өз саласының мамандары мен тәжірибелі практиктер бас қосты. Олардың қатарында Қазақстанның әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының өкілдері мен Орталық Азия әлеуметтік кәсіпкерлер хабының басшылығы бар. Депутат сөз барысында әлеуметтік кәсіпкерліктің маңызына тоқталып, БҰҰ құрылымдарын қоса алғанда, халықаралық ұйымдар бұл бағыттың дамуына айтарлықтай ресурс құйып жатқанын айтты.
– Әлеуметтік кәсіпкерлік – жай ғана бизнес-модель емес. Бұл нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге, жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған жүйелі өзгерістер тетігі. Қазақстанның өңірлерінде осы тақырыптың қарқын ала бастауы қуантады, - деді ол.
Мәжілісмен әріптестеріне пайдалы бастамалары үшін алғыс білдіріп, әлеуметтік кәсіпкерлер үшін дамушы орта қалыптастыруға шақырды.
@halyk_partiyasy