ЖОО-ларға қысым көрсету арқылы ештеңені өзгерте алмаймыз – ҚХП депутаты

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова қазақстандық жоғары оқу орындарын лигаға бөлу және мемлекеттік гранттарды осы негізде беру туралы ұсынысты сынға алды. Ол бұл пікірін Мәжілістің пленарлық отырысында мәдениет және білім беру мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілетін өзгерістерді талқылау барысында білдірді.

Мәжіліс депутаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік органдардың бәсекелестік ортаға қатысуын қысқарту туралы үндеуін еске салып, көршілес Қырғызстанды мысалға келтірді.

Қырғызстанда жоғары оқу орындары дамып, шетелдік студенттердің саны артып келеді – бүгінде бұл елде 72 мың шетелдік студент оқиды, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш небәрі 31 мың.

– Бұл – білім сапасының көрсеткіші. Ал біз бәрін шектеп, оған мемлекеттік қаржы бөліп отырмыз! – деді депутат.

Смирнова Бішкектің жанындағы Қант қаласын мысалға келтіріп, кішкентай ғана қаланың студенттер есебінен дамып келе жатқанын айтты.

– Бізде мұндай жағдай тек арман болып қала береді. Мемлекет бәсекелестік ортаға азырақ араласуы керек. Жоғары оқу орындарына осындай қысым көрсету арқылы біз ештеңені өзгерте алмаймыз. Лигалар туралы ұсыныстар жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігіне қайшы келеді, ал бұл еркіндікті біз осы Парламентте қабылдаған едік, - деп нақтылады депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy