
Техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесіндегі колледждерді лигаларға бөлу жөніндегі даулы бастама түпкілікті түрде тоқтатылатын болды. Бұл шешімді сала қызметкерлері де, Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутаттар да қолдап отыр.
Бұған дейін 2025–2027 жылдарға арналған ТжКБ жөніндегі Жол картасы аясында еліміздегі колледждерді төрт лигаға бөлу ұсынылған еді. Оқу орындарын жіктеу олардың қызметінің рейтингтік көрсеткіштеріне негізделуі тиіс болатын. Жоспар бойынша «көшбасшы», «тірек», «әлеуметтік» және «нысаналы» колледждер айқындалып, жүйе 2025 жылдың наурыз айында енгізілуі керек еді. Алайда бастама жүзеге аспай қалды: 2025 жылдың сәуірінде жоба белгісіз мерзімге кейінге шегерілді. Енді бұл жүйеден мүлде бас тарту туралы шешім қабылданды.
Осыған дейін Мәжіліс депутаты, ҚХП фракциясының депутаты Ирина Смирнова ТжКБ ұйымдарын бұлай жіктеуді қатаң сынға алған болатын. Оның пікірінше, мұндай тәсіл білім алушылардың құқықтарын шектеп, білім беру саласындағы теңсіздікті тереңдете түседі.
– Колледждерге «көшбасшы» немесе «әлеуметтік» деген таңба тағу соңғы топтағы оқу орындарының дипломына деген сенімді әлсіретеді. Бұл өз кезегінде түлектердің сапалы жұмыс орындарына қол жеткізуін шектеп, әлеуметтік жіктелуді күшейтеді, - деді депутат.
Депутаттың айтуынша, бұл бастама аймақтарда кадр тапшылығына да алып келуі мүмкін. Себебі, ең білікті педагогтар, өндірістік оқыту шеберлері мен мамандар «алдыңғы қатарлы» колледждерге ауысатыны анық.
– Соның салдарынан салалық колледждер әлсіреп, білім беру бағдарламалары жабылып, жастар өңірлерден кетеді. Ал кадрлар мен жастардың кетуі, әсіресе колледждер маман даярлайтын әрі тарту орталығы болып отырған аудандық өңірлерде тұтас салалардың дамуына кері әсерін тигізеді, – деп атап өтті Смирнова.
Сонымен қатар, лигалар жүйесін енгізу сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттырып, артық бюрократияға жол ашатыны да айтылды.
– Қаржыландыруды рейтингке байлау білім сапасын арттыруға емес, көрсеткіштер негізінде айла-шарғы жасауға және бюджет қаражатын жекелеген оқу орындарының пайдасына қайта бөлуге ынталандыруы мүмкін, – деді депутат.
Ирина Смирнова колледждерді лигаларға бөлу идеясынан түбегейлі бас тарту жөніндегі шешімді қолдайтынын білдірді.
– ҚР Оқу-ағарту министрлігіне парасатты шешім үшін алғыс айтамын. Елдегі колледждерді лигаларға бөлу тоқтатылды. Бұл жүйе қаржыландыруға тікелей әсер етіп, әсіресе ауылдық жерлердегі колледждерге зиянын тигізуі мүмкін еді. Жалпы, мұндай шараның қажеті жоқ. Жағдайды жақсартудың өзге де тиімді жолдары бар, - деді ол.
@halyk_partiyasy