Колледждерді «лигаға» бөлу тиімді ме?

dep.jpg

Техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) жүйесін реформалау туралы ұсыныстар сарапшылардың, педагогтардың, ата-аналардың және Мәжіліс депутаттарының алаңдаушылығын тудырып отыр. Әсіресе, колледждерді бағдарламалардың даму деңгейіне қарай «лигаға» бөлу бастамасы аса қауіпті деп бағалануда.

ҚХП фракциясының мүшесі Ирина Смирнованың айтуынша, мұндай жаңашылдық теріс салдарға алып келуі мүмкін. Бұл оқушылардың құқығын шектеп, білім беру теңсіздігін күшейтеді.

– Колледждерге «көшбасшы» немесе «әлеуметтік» деген таңба тағу, сөзсіз, екінші топқа кіретіндердің дипломына деген сенімнің төмендеуіне алып келеді. Демек, олардың сапалы жұмыс орындарына орналасу мүмкіндігін шектеп, әлеуметтік жікке бөлінуді күшейтеді, – деді депутат.

Тағы бір болжамды нәтижесі – өңірлердегі кадр тапшылығы. Үздік педагогтар мен өндірістік сала шеберлері «үздік» колледждерді таңдайтыны анық.

– Бұл салалық колледждердің әлсіреуіне, оқу бағдарламаларының жабылуына және жастардың өңірлерден жаппай кетуіне әкеледі. Кадр мен жастардың жоғалуы тұтас салалардың дамуына кері әсер етеді, әсіресе колледж маман даярлаудың жалғыз орталығы болып отырған аудандық өңірлер үшін қауіпті, – деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар, лигалар енгізу сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және бюрократияны арттыруы мүмкін.

– Қаржыландыруды рейтингке байлау сапаны арттыруға емес, көрсеткіштерді қолдан жақсартуға және бюджетті жекелеген оқу орындарының пайдасына бағыттауға ынталандырады, – деді депутат.

Өз кезегінде, ҚХП фракциясы ТжКБ-ны жаңғыртудың жүйелі шараларын ұсынады. Атап айтқанда, колледждердегі 217 салалық және 8000-нан астам білім беру бағдарламасын еңбек нарығының талаптарына, кәсіби стандарттарға және WorldSkills стандарттарына сәйкестігі тұрғысынан кешенді бағалау қажет. Сондай-ақ WorldSkills жарыстарындағы стандарттарды оқу бағдарламалары мен қорытынды аттестаттауға енгізуге көшу ұсынылады. Бұған қоса, қазіргі жан басына шаққандағы қаржыландырудың нақты шығындарға сәйкестігін қайта қарау керек.

– Бүгінде бір колледж студентін оқытуға бөлінетін қаражат балабақша мен мектептердегі шығыннан 1,5 есе төмен, – деді Смирнова.

Депутаттардың пікірінше, ТжКБ-ға жұмысшы мамандықтары бойынша оқыту мерзімін оңтайландыру да тиімді болмақ: 9-сыныптан кейін – 2,5 жылға дейін, 11-сыныптан кейін – 1 жылға дейін қысқарту. Бұл шығынды 30–40 пайызға азайтып, үнемделген қаражатты қаржыландыруды арттыруға бағыттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар колледждерді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында сенімгерлік басқаруға беру мәселесін қарастыру, жұмыс берушілерді кадр даярлауға белсенді қатысуға ынталандыру және қаржы студентпен бірге жүретін толыққанды ваучерлік жүйені енгізу ұсынылады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy