Қазақстан Халық партиясы еліміздегі медициналық қызмет көрсету сапасына бойынша жүргізілген мониторингті қорытындылауда. Бұған дейін ҚХП филиалдары қазақстандық МӘМС жүйесіндегі мәселелерді анықтау үшін пациенттермен және дәрігерлермен кездесулер өткізген болатын. Мониторинг барысында алынған ақпараттар сарапталып, дөңгелек үстелдерде талқыланды, нәтижесінде партия мүшелері денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын әзірледі.
Жуырда Шымкент қаласында осындай дөңгелек үстел өтті. Шара барысында ҚХП қалалық филиалы дәрігерлермен және денсаулық сақтау басқармасының басшыларымен бірлесе отырып, қаланың емдеу мекемелерін, емханалар, ауруханалар мен медициналық пункттерді тексеру кезінде анықталған мәселелерді талқылады.
«Дөңгелек үстелдің мақсаты – Қазақстандағы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру», - деп атап өтті партиялықтар.
Мұндай дөңгелек үстел ҚХП Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында да өтті. Партиялық жоба аясында жергілікті белсенділер емдеу мекемелерінің басшыларымен сұхбаттасып, сондай-ақ ауруханалардағы науқастар арасында сауалнама жүргізіп, әңгімелесу ұйымдастырды.
«Ең өзекті мәселелердің қатарында МӘМС жүйесі арқылы көрсетілетін қызметтер көлемінің жеткіліксіз қаржыландырылуы болды. Сондай-ақ білікті кадрлардың жетіспеушілігі, әсіресе нақты сала мамандарының, дәрі-дәрмектің тапшылығы, ТМККК аясында емханалар көрсететін қызметтердің жеткіліксіздігі және т.б. мәселелер бар», - деді партиялықтар.
Ауылды жерлерде мамандардың келіп, жұмысқа орналасуы бойынша қиындықтар, стоматологиялық қызметтің қымбаттығы сияқты өзіндік проблемалары бар.
«Дөңгелек үстелде медициналық көмектің сапасына қатысты қоғамдық пікірге басты назар аударылды. Ұлт денсаулығы – еліміздің басты капиталы!», - деп түйіндеді белсенділер.
ҚХП Қарағанды филиалы ұйымдастырған дөңгелек үстел қызу пікірталас тудырды. Шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшылары, ауруханалар мен емханалар, қатардағы қызметкерлер қатысты. Жиын 7 емдеу мекемесінің медицина қызметкерлерінің белсенді қатысуымен өтті. Жиналғандар емханалардағы кезек мәселесі қалай реттеліп жатқанын, медицина саласындағы еңбекақы қоры, кадр тапшылығы мен тегін дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі мәселесі қалай шешіліп жатқанын талқылады.