
ҚХП депутаты Ирина Смирнова Алматыдағы тау кластері жобасына қарсы екенін мәлімдеді.
Бұған дейін мәслихаттың сессиясында қала әкімі Дархан Сатыбалды оңтүстік астанадағы спорт және туризм бағытында жүзеге асып жатқан бастамалар туралы хабарлаған болатын. Оның айтуынша, қазір 2025–2029 жылдарға арналған Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі кешенді жоспар іске асырылып жатыр. Бұл жоспарға туристік, көлік және инженерлік инфрақұрылым салу жобалары кіреді.
Алайда алматылықтардың өзі бұл бастаманы құп көрмей отыр. Тұрғындар жоба табиғатқа біршама зиян келтіріп, құстар мен жануарлардың мекендейтін орнын жоятынын, экожүйеге нұқсан тигізетінін айтады. Сондай-ақ тау кластерінің салынуы жергілікті халықтың таудағы қолжетімді демалысын да шектейді деп алаңдайды.
«...Біз туристер секілді қыруар қаржы жұмсай алмаймыз! Тау – алматылықтар үшін қалтаға салмақ салмай демалатын санаулы орындардың бірі. Ал енді соның өзін тартып алмақ. Өз қаламызда бөтенге айналып барамыз. Ең сорақысы – бәрі біздің есебімізден, бюджет қаржысына салынбақ...» – деп жазды тұрғындар әлеуметтік желіде.
Ирина Смирнова да бұл пікірді толық қолдайтынын айтты.
– Егер тау-шаңғы кешені салынуы тиіс болса, оны қаладан тыс жерде жоспарлауы керек. Қазір тауға жетудің өзі бір азап болды, – деді депутат.
@halyk_partiyasy