
Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтардың әл-ауқатына бағытталған экономикалық реформаларды жүзеге асыру барысын реттеу жөніндегі тапсырмасының орындалу мәселелері бойынша Үкімет отырысын өткізді. Жиын қорытындысында дағдарысқа қарсы бірқатар шара қабылданды. Ең қызығы — олардың көпшілігі бірнеше жыл бұрын ҚХП ұсынған бастамалармен үндесіп отыр. Алайда сол кезде Үкімет бұл ұсыныстарды «орынсыз» деп санаған еді.
Қабылданған шаралардың бірі – барлық тұтынушы үшін коммуналдық тарифтердің өсуін 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін тоқтата тұру. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бағасының қымбаттауына жол бермеу мақсатында тұрақтандыру қорларының жұмысын күшейту жоспарланып отыр. Бұл үшін отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғайтылады. Үкіметтің пікірінше, бұл қадам ӘМАТ тобына кіретін өнімдердің арзандауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірлік комиссиялардың бағаны негізсіз көтерген делдалдарды анықтау жұмысын күшейту тапсырылды. Айта кетсек, баға саясатын ретке келтіру мәселесін ҚХП осыдан екі жыл бұрын-ақ көтерген болатын.
– Қазір азық-түліктің көптеген түрінің бөлшек бағасы оны өндіруге және сатып алуға кететін нақты шығындардан әлдеқайда жоғары. Мұндай жағдай қалыпты емес. Оның зардабын айлық жалақысына, зейнетақысына немесе жәрдемақысына қарап өмір сүріп жүрген қарапайым халық тартып отыр, – деген пікір айтылды жиында.
Сондай-ақ жаңа Салық кодексінің шағын және орта бизнеске теріс әсерін азайту мақсатында Үкімет артық шектеулерді алып тастап, оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін сақтап қалу туралы шешім қабылдады. Тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімінде тек 44 бағыт қана қалады – бұл бұрынғы заңнамаға сәйкес көрсеткіш. Мұндай бастаманы ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов 2023 жылы-ақ ұсынған болатын.
– Оңайлатылған салық режимі бухгалтерияны ұстауға кететін шығынды азайтып, есептілік пен құжат айналымын жеңілдетеді. Бұл шағын бизнес өкілдерінің көлеңкелі экономикаға кетпеуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар салық органдарының жүктемесі де азаяды, өйткені олар шағын кәсіпкерлерді қазіргідей көлемде бақылап, есеп жүргізуге мәжбүр болмайды, – деген еді депутат сол кезде.
Олжас Бектенов жиында сөйлеген сөзінде жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – ел экономикасының ұзақ мерзімді, тұрақты дамуын қамтамасыз ету және нарықтық қағидаттарды бекіту екенін атап өтті.
– Үкімет Мемлекет басшысының әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмасын басшылыққа алып, оны экономикалық дамудың негізгі көрсеткіші ретінде қарастырады, – деді Премьер-министр.
ҚХП Үкімет бұған дейін қабылданбай келген өзге де ұсыныстарға назар аударып, оларды да іске асырады деген үмітте. Халықтың өмір сүру деңгейін арттыруды негізгі өлшем ретінде алу қажеттігін де партия өкілдері бұған дейін бірнеше мәрте көтерген болатын.
@halyk_partiyasy