Қазақстан Халық партиясы «Ұлы жеңіске тағызым» атты мерекелік іс-шаралар топтамасын бастады. Бұл шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған. Жиындар ардагерлер, тыл еңбеккерлері, соғыстың куәгерлері (соғыс кезінде бала болған жандар), үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдар өкілдері, азаматтық белсенділер мен жастардың қатысуымен кездесу форматында ұйымдастырылуда.
Ұйымдастырушылар – ҚХП-ның аймақтардағы филиалдары. Осындай жиынды алғашқылардың бірі болып атыраулық партия мүшелері ұйымдастырды. Жиынның модераторы, ҚХП жергілікті филиалының төрайымы Балжан Досмұхамбетова мұндай шаралар қайғылы әрі қаһармандық оқиғаларды есте сақтауға және оны келешек ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.
«Біз аталарымыз бен әкелеріміздің ерлігін есте сақтауға міндеттіміз. Бұл Жеңіске қол жеткізудің құны өте қымбатқа түсті, ендігі жерде келешек ұрпақ соны жадында мәңгі сақтап, бейбіт өмір сүруі қажет», - деп атап өтті ол.
ҚХП Маңғыстау облыстық филиалы да осындай іс-шараны Ақтау қаласындағы Достық үйінде өткізді. Шараның ашылу салтанатын Павлодардағы партияластар да жоғары деңгейде ұйымдастырды.
«Ұлы Отан соғысы бұрынғы Кеңес Одағының барлық халқы үшін, оның ішінде Қазақстан үшін де ең үлкен сынақ болды. Отанын, отбасын, жерін қорғау үшін мыңдаған қазақстандық майданға аттанды. Олардың көпшілігі қаза тапты, бір бөлігі елге аман оралды, алайда олар соғыс сұмдығын ұмыта алмады», - деп атап өтті ҚХП Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әлімбек Ағыбаев.
Партия мүшесі жауынгерлер майданда ерлікпен шайқасса, тылда жұмыс істеген Ұлы Жеңіске әйелдер, балалар, қарттар жанқиярлықпен ат салысқанын, яғни, зауыттарда, колхоздарда еңбек етіп, жаралыларды госпитальда емдегенін еске салып өтті.
«Бүгінде біз ата-бабаларымыздың ерлігін, олардың қаһармандығы мен жанқиярлығына тағзым етеміз. Біз соғыстың ең ауыр сынақтарынан сүрінбей өтіп, қаншама қиындықтарға қарамастан, бейбітшілік таңын сыйлаған ата-бабаларымызбен мақтанамыз!», - деді Ағыбаев.
Қорытындылай келе, ол Қазақстан Халық партиясы азаматтарымыздың ерлігі жайлы тарихи жадыны сақтап, оны мәңгілік ету үшін бар күш-жігерін салатынын айтты.