Қазақстанда әуесқой футболға жан-жақты қолдау қажет. Тек сонда ғана ол бұқаралық спортқа айналуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов мәлімдеді. Жақында ол футзалдан 23-ші халықаралық турнирдің ашылуына қатысты. Аталған жарысқа ТМД елдерінен, Моңғолия мен Австралиядан келген командалар және еліміздің үздік ойыншылары қатысты.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда әсіресе жастар арасында командалық спорт түрлерін, соның ішінде әуесқой футболды дамыту аса маңызды.
– Футбол – жай ғана спорт емес. Бұл – мәдениет, бұл – қарым-қатынас құралы, бұл – өмір мектебі, - деді депутат.
Кейінгі жылдары елімізде әуесқой футболға қызығушылық артып келеді. Аула командаларынан бастап, мектепаралық турнирлерге дейін түрлі деңгейде ойындар өткізіліп жатыр. Алайда бұл бағытта бірқатар түйткілдер де жоқ емес. Ең үлкен мәселе – сапалы алаңдардың жетіспеушілігі мен қажетті құрал-жабдықтардың тапшылығы. Көп жағдайда командалар жергілікті биліктің қолдауынсыз жұмыс істеп жүр, ал бапкерлер мен ұйымдастырушылар тек өз ынтасымен еңбек етуде.
– Әуесқой футболдың шынымен бұқаралық сипат алуына барлық деңгейде қолдау көрсетілуі керек. Бұл іске мемлекет те, жергілікті қауымдастықтар да, кәсіпкерлер де атсалысуы тиіс, - деп нақтылады Магеррамов.
Футболмен айналысатын жастарға қолжетімді инфрақұрылым қажет: ойын алаңдары, спорттық нысандар, киім ауыстыратын бөлмелер және тағы басқалары. Ал жанкешті бапкерлер мен жарыс ұйымдастырушыларына тек қаржылай емес, жан-жақты көмек көрсетілуі тиіс. Ақпарат құралдарының назары да өте маңызды.
– Әуесқой футболдың беделді әрі маңызды екенін көрсетуіміз керек. Бұл спорт түрінің артықшылығы – қолжетімділігі мен ұйымдастырылуының оңайлығында. Сондықтан да ол адамдарды спортқа тартудың тиімді жолына айнала алады, - деп түйіндеді депутат.