Мәжіліс Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесе отырып, «Заң және тәртіп: адам саудасына қарсы күрес мәселелері» атты ұлттық диалог өткізді. Іс-шараға депутаттар, мемлекеттік органдар өкілдері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, дипломатиялық корпус мүшелері, азаматтық белсенділер мен сарапшылар қатысты. Қонақтар қатарында Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов та болды.
Жиын модераторы әрі Мәжіліс депутаты Марат Башимов өз сөзінде былтыр қабылданған «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңның алғашқы оң нәтижелерін атап өтті.
– Бұған дейін адам саудасы, еңбек құлдығы, ішкі органдарды сату сынды деректер көбіне көлеңкеде қалып келді. Жаңа заң құқықтық негізді едәуір күшейтті. Жәбірленушілердің қорғалу кепілдіктері кеңейтілді, алдын алу шаралары нақты бекітіліп, қылмыскерлерге жаза қатаңдатылды, – деді ол.
Жыл басынан бері осы санат бойынша 141 қылмыстық іс тіркелген. Олардың ішінде адамдарды еңбекке күштеп жегу мақсатында ұрлау, адам ағзасының саудасы, кәмелетке толмағандарды да қоса алғанда, жезөкшелікке тарту, жаңа туған сәбилерді сату, жезөкшелер үйін ұйымдастыру және жеңгетайлық фактілері бар.

Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев атап өткендей, жаңа заң тек қылмыскерлерді анықтап, жазалауға ғана емес, жәбірленушілерге қолдау көрсетуге де бағытталған.
– Бұл заң жәбір көргендерге жан-жақты көмек көрсетуді көздейді. Себебі құқықтық, әлеуметтік және психологиялық қолдау болмайынша, әділеттілік туралы айту қиын, – деді омбудсмен.
Бас прокуратура жанындағы Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басқармасының бастығы Әділет Тоқтамысовтың айтуынша, енді бұл санаттағы істер жәбірленуші кешірім берсе де, тоқтатылмайды.
– Заң бойынша тараптардың ымыраға келуіне жол берілмейді. Сонымен қатар жезөкшелікке жәрдемдескендер мен адамдарды арбаушыларға, сондай-ақ жезөкшелікті жарнамалағандарға да жауапкершілік күшейтілді, – деді ол.
Депутат Магеррам Магеррамов бұл заңның қабылдануы халықаралық әріптестікті нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша алдын алу жұмыстарын жандандыруға ықпал еткенін айтты.
– Адам саудасы – аса ауыр қылмыс. Онымен күрес – тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғам мен әр азаматтың ортақ міндеті. Біз тек бірлесе отырып қана қауіпсіздік пен әділеттілікті қамтамасыз ете аламыз, – деді Қазақстан Халық партиясының депутаты.
@halyk_partiyasy