Мәжіліс депутаты, Қазақстан халық партиясы фракциясының мүшесі Ислам Сұңқар сайлаушылармен кездесу мақсатында өңірлерге жасаған жұмыс сапарын қорытындылады. Сапар аясында мәжілісмен Абай облысының ауылдары мен Семей қаласына барды. Сондай-ақ елордалық дәрігерлермен және спорт мектептерінің оқытушыларымен кездесулер өткізді.
Мәжіліс депутаты Аграрлық комитеттің өкілі болғандықтан алдымен ауылдық елді мекендерді аралап, жергілікті тұрғындармен келіссөздер жүргізді. Сәйкесінше, сапар барысында өңірлердегі ауылды жерлерді дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру деңгейін бағалау жұмыстарын жүргізді.
– Мені ауылдарда әлі күнге дейін нақты даму жоспарының жоқтығы таң қалдырды. Менің ойымша, жергілікті әкімдер аталған Тұжырымдама аясында жоғарыдағылардан тапсырма күтіп отыра беруі дұрыс емес. Олардың өздері де тиісті бастамаларды көтеріп, жұмыс істеуі керек, – дейді депутат.
Қазақстанның кез келген өңіріндегідей Абай облысында да біршама қордаланған мәселелер шешімін таппай келеді. Әсіресе азық-түлік бағасының жиі өсуі, жалақы мөлшернің төмендігі және білікті мамандардың жетіспеуі.
– Сапар барысында аралаған нысандардың барлығында дерлік кадр тапшылығы мәселесін кездестірдік. Әсіресе бұл проблема ауылдық жерлерде жиі байқалады, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.
Осылардың ішінде медицина саласындағы мамандардың жетіспеушілігі жаңа күрделі мәселелерді туындатады. Атап айтқанда, өз елді мекенінде сапалы көмек ала алмаған ауыл тұрғындары Астанаға жаппай емделуге барады. Нәтижесінде, тек қала тұрғындарына қызмет көрсетуге арналған елордалық емханалар науқастарды қабылдауға мәжбүр болады. Ал бұл инфрақұрылымның шамадан тыс жүктелуі, шығындардың өсуі, жабдықтардың тозуы, медициналық мекемелер қызметкерлерінің кәсіби күйзеліске түсуі сынды мәселелерге алып келеді. Сондай-ақ МӘМС шеңберінде өтелуі тиіс шығындарды емханаларға ешкім төлемейді, сондықтан олар жыл сайын жүйелі түрде жүздеген миллион теңгеден айырылады.
Осы ретте депутат Ислам Сұңқар Мәжілістің келесі сессиясында осы және басқа да мәселелерді Үкіметке жеткізетін айтты.