
Бұл мәселені Мәжілістегі ҚХП фракциясының мсүшесі Асылбек Нұралин көтерді. Мәжіліс депутаты туризм экономиканың ең әлеуетті салаларының бірі екенін атап өтті. Алайда табиғи, мәдени-тарихи және географиялық мүмкіндіктердің молдығына қарамастан, Қазақстандағы туристік сала әлі де баяу дамып келеді.
Статистикаға сүйенсек, туризмнің елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 4 пайызға да жетпейді. Ал дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш 10–15 пайызға дейін барады.
– Цифрландыру процесі жеделдеп, нақты секторда жоғары қосылған құн қалыптасып, қызмет көрсету саласы кеңейіп жатқан қазіргі экономикалық жағдайда туризмді жедел дамыту қажет, – деді Асылбек Нұралин.
Депутат саланың дамуын тежеп отырған бірқатар түйткілді мәселені атап өтті. Олардың қатарында жол инфрақұрылымының нашарлығы, ұлттық туристік брендті ілгерілетудің бірыңғай стратегиясының жоқтығы, туризммен айналысатын кәсіпкерлерге арналған салықтық кедергілер, инвестиция тапшылығы, қызмет көрсету сапасының төмендігі мен білікті кадрлардың жетіспеушілігі бар. Соның салдарынан Қазақстанның халықаралық деңгейдегі танымалдығы төмен, ал шетел нарықтарында тиімді жарнама мен цифрлық ілгерілету жолға қойылмаған.
– Туристік нысандардың едәуір бөлігі ірі елді мекендерден алыс орналасқанын да ескеру қажет. Кәсіпкерлер электр қуатын тарту, жарықтандыру, су және кәріз жүйесін жүргізу, кірме жолдар салу мәселелерін өз бетінше шешуге мәжбүр. Бұл қомақты қаржы мен еңбек ресурстарын талап етеді. Сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті, - деді депутат.
Бұдан бөлек, тазарту құрылыстарының жетіспеушілігі, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару және кәдеге жарату проблемасы әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Бұл мәселелерге немқұрайлы қарау туристік аймақтардағы экологиялық ахуалдың нашарлауына әкелуі мүмкін.
Туризм саласының тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы бірқатар ұсыныс енгізіп отыр. Атап айтқанда, туризм саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер беру, санаторий-курорттық саланы қолдаудың бірыңғай ұлттық режимін қалыптастыру ұсынылды. Сонымен қатар 2035 жылға дейінгі туризмді дамыту жөніндегі жаңартылған ұлттық бағдарламаны қабылдау, жол инфрақұрылымын жөндеуге бөлінетін қаржыны ұлғайту, туристік қызмет көрсететін мамандарды даярлаудың заманауи стандарттарын енгізу және ішкі туризмді дамыту мақсатында әуе тасымалының құнын төмендету мәселелерін қарастыру қажет.
@halyk_partiyasy