Қызылорда облысында «Күш – әрқайсымызда!» атты Қазақстан Халық партиясы жақтастарының форумы өтті. Шараға партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев, Мәжіліс депутаттары, ҚХП өңірлік филиалдарының басшылары, сондай-ақ белсенділер мен қоғам өкілдері қатысты.
Шараны ҚХП Қызылорда облыстық филиалының басшысы Қайрат Ерназаров ашты. Ол құттықтау сөзінде бұл форум тек пікір алмасатын жиын емес, партияның атқарған ісі, өкілдерінің азаматтық жауапкершілігі мен қоғам алдындағы міндетін талқылайтын сенімді алаң екенін атап өтті. Сондай-ақ спикер филиалдың жергілікті атқарушы органдармен жұмысы және қоғамдық қабылдаулар арқылы халықпен байланысы жөнінде айтып берді.


– Елдің тағдыры тек биліктің ғана емес, әрқайсымыздың қолымызда. Бұл – бірліктің, белсенділіктің, болашаққа деген жауапкершіліктің көрінісі. Бәріміздің ортақ мақсатымыз – әділетті, дамыған әрі біртұтас Қазақстанды қалыптастыру, – деді Ерназаров.
ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев форумның басты мақсаты – мақсаты ортақ азаматтарды біріктіру екенін еске салды. Ол партияның медиа кеңістіктегі рөлі, цифрлық форматта таратылып жатқан идеялары және цифрландырудың елдегі нақты мәселелерді шешуге қалай көмектесіп жатқаны туралы сөз етті.

– Біздің медиа ресурстарымыздың артында – нақты істер тұр! Міндетіміз – осы жұмысты жалғастыру! – деп атап өтті Ертісбаев.

Сондай-ақ ол алдағы парламенттік сайлауға қатысты партияның жоспарларына тоқталды.
– Біздің партия үшін парламентте басымдыққа ие болу – халықтың тұрмысын жақсартуға берілетін мүмкіндік. Біз бұл мүмкіндікті міндетті түрде тиімді пайдаланамыз! – деді ол.
Мәжіліс депутаты, «Jas Orta» жастар қанатының жетекшісі Ислам Сұңқар жастар көшбасшылығының міндеттері және партияның жастардың өзін-өзі дамытуына мүмкіндік бере алатын алаң екені туралы айтты. Ал Алматы қалалық филиалының басшысы Бейбіт Құсайынов өз филиалы атқарып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Тек былтырдың өзінде біз оннан астам кездесу өткізіп, жүздеген отбасыға көмек көрсеттік, жастар бастамаларын іске асырдық, экологиялық акциялар ұйымдастырдық, сондай-ақ инклюзия мен ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдауға бағытталған жобаларды жүзеге асырдық, – деді ол.
Жамбыл облыстық филиалының әйелдер қанатын басқаратын мәслихат депутаты Әсел Жапарова партияның қоғамға көрсетіп отырған көмегіне тоқталды.

– Біздің округте су тарту жүйелерін жүргізу, жаңа қоныстанған елді мекендерге жол салу, көше жарығын орнату сияқты маңызды жұмыстар атқарылды. Депутаттық сауалдарымның басым бөлігі қолдау тауып, нәтижесінде балалар ойын алаңдары мен футбол стадиондары салынды, – деді ол.
Депутат халықтың партия мүшелеріне деген қолдауы артып келе жатқанын атап өтті.
– Қазір партияның жақтастары күн санап көбейіп жатыр. Бұл – үлкен жауапкершілік әрі зор сенім. Ісіміздің шынайылығы мен бағытымыздың айқындығына халықтың сенуі – біздің дұрыс жолда екенімізді көрсетеді, – деді Жапарова.
Шымкенттен келген, жергілікті жастар қанатының жетекшісі, журналист Сағындық Жақсыбаев шымкенттік жастардың көзқарасы мен ұстанымы жайлы сөз сөйледі. Ол ҚХП-ның студенттердің стипендиясын көбейту мен 2024 жылы қосымша гранттар бөлінуіне ықпал еткенін, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі енгізген «жеңілдік» заңсыз болғанын еске салды.
– Партия – қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін және халықтың үнін тыңдайтын ерекше алаң. Бұл форум – жай ғана пікір алмасу емес, жаңа идеялар мен ортақ іске жұмылуға арналған орта, – деді Жаксыбаев.
Шара «Еңбек адамы – 2025» байқауы жеңімпаздарын марапаттау және жаңа партия мүшелеріне билеттер тапсыру рәсімімен аяқталды.



@halyk_partiyasy