
«Sintez-KZ» медициналық холдингінің директоры Игорь Рыбин Қазақстанның медициналық және фармацевтикалық өнеркәсібін дамыту агенттігін құруды ұсынды. Ол бұл бастамасын «ҚХП» парламенттік фракциясы ұйымдастырған «Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі: өсім экономикасы және цифрлық трансформация» атты дөңгелек үстелде көтерді.
«Sintez-KZ» компаниясы медициналық жабдықтар, техника және медициналық мақсаттағы бұйымдар өндіреді. Сол себепті оның басшысы саланың мәселелерін жақсы біледі.
– Менің баяндамам жеке тәжірибеме және әріптестерімнің өтініштеріне негізделген. Біздің сала жүйелі кедергілерге тап болып отыр, және олардың саны аз емес, – деді Рыбин.
Кәсіпкер ең өзекті мәселе ретінде – медициналық бұйымдарды тіркеу кезінде техникалық сынақ актілерін беретін аккредиттелген зертханалардың елімізде жоқтығын атады. 2025 жылдан бастап мұндай актілер міндетті талапқа айналған.
– Бізге жабдықты Мәскеуге жіберуге тура келеді, бұл өз кезегінде өнімнің қымбаттауына алып келеді. Жабдық дайын тұр, бірақ актілер болмағандықтан, оны сериялы өндіріске қоя алмаймыз. Бұл – жаңа бұйымдарды тіркеуді бөгейтін, шығынды арттыратын әрі инвесторлардың ынтасын төмендететін жағдай. Яғни, бұл Мемлекет басшысының отандық медициналық өнеркәсіпті дамыту туралы тапсырмасына қайшы келеді, – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, Рыбин қауіпсіздік пен сапаны бағалау рәсімдерінің шамадан тыс бюрократияланғанын айтты. Өндіруші сертификат алу үшін бір құжатты бірнеше рет тапсыруға мәжбүр.
– Іс жүзінде бұл рәсім ақылы формальды әрекетке айналып, қауіпсіздік пен сапаға еш әсер етпейді, – деді кәсіпкер.
Теория жүзінде мемлекеттік сатып алу кезінде медициналық ұйымдар отандық өндірушілердің өнімдеріне басымдық беруі тиіс. Алайда іс жүзінде бұл талап орындалмай отыр. Сондай-ақ, денсаулық сақтау ұйымдарын қазақстандық жабдықтармен қамтамасыз етуге арналған бірыңғай стандарттар да жоқ.
– Денсаулық сақтау министрлігі медициналық өнеркәсіпті дамыту бойынша өзіне жүктелген міндеттерді орындай алмай отыр. Сондықтан медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі нақты өкілеттігі мен ресурстары бар агенттік құру қажет, – деп түйіндеді холдинг басшысы.
Іс-шараның модераторы, ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов бұл ұсыныстың елеусіз қалмайтынына үміт білдірді. Өйткені дөңгелек үстелге Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері де қатысқан еді.
@halyk_partiyasy