Медицина саласындағы мәселелер

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясының депутаттары Ирина Смирнова мен Гаухар Танашева Алматы қаласына жұмыс сапары кезінде Мәжілістегі әріптестерімен бірге «Ақсай» балалар орталығы мен қалалық кардиологиялық орталық ұжымымен кездесті.

Депутаттардың қалалық кардиологиялық орталыққа барған себебі, медициналық персоналдың жаппай жұмыстан босатылуына байланысты қызметкерлер ұжымдық үндеу жасаған болатын. Дәрігерлер, медбикелер мен санитарлардың қазіргі басшылық қызметіне көңілі толмайды. Хатқа 92 адам қол қойған.

Орталықтың бас директоры Роза Қуанышбекова қордаланған дебиторлық қарыздар салдарынан мекемеде проблемалар туындағанын түсіндірді. Оның айтуынша, қазіргі таңда жағдай оңалып келеді, орталық емдеу және диагностика саласында жаңа технологияларды енгізуде, сондай-ақ, медициналық қызмет түрін көбейтті. Қуанышбекованың сөзінше, енгізілген жаңа талаптарға қарсы болғандар жұмыстан шығып кеткен, қолайлы еңбек жағдайы үшін өз еркімен жұмысын ауыстырғандар бар. Депутаттар мәселені жан-жақты және объективті түрде шешуге ниетті.

- Сайлаушылардың бірде бір өтініші қараусыз қалмайды, - деді Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева. –Қызметкерлер жұмыстан заңсыз шығарылған жағдайда міндетті түрде тиісті шара қабылданады.

«Ақсай» балалар орталығы С. Д Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінің құрамына кіреді. 70 жылдық тарихы бар көпбейінді балалар емдеу-диагностикалық орталығы еліміздегі ең көне мекемелердің бірі. Алайда, мұның олқы тұстары да бар – 1968 жылы салынған балалар ауруханасының корпустары жарты ғасырдан астам күрделі жөнделмеді. Аурухана Қазақстанның әр түкпірінен бір мезгілде 450-500 бала қабылдауға қауқарлы, дегенмен, қазір қаржыландыру жеткіліксіз болғандықтан, мұнда 165 науқас емделуде, орталықтың ортопедиялық бейіндегі науқастарды оңалту бөлімшесін ашуға мүмкіндігі жоқ. Жабдық жетіспейді, жалақы төмен болғандықтан жоғары білікті мамандар мекемеден кетіп жатыр.

Депутаттар Үкіметтің алдында мекемеге қосымша қаражат бөлу мәселесін көтеруге уәде берді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy