№ 1 Көкшетау мектеп-гимназиясында орнатылған турникеттер оқушылар арасында дүрбелең туғызды. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерге түсіп, көпшіліктің наразылығын тудырды.
Жанжал сабақтан кейін барлық сыныптар бір уақытта қоңырауға шыққан сәтте болған.
Бейнежазба кадрларында балаларға лық толы дәліздер мен айқай-шу айқын байқалып тұр. Тіпті, оқушылардың бірі еденде жатқан сәті де кадрға түсіп қалған. Бұл тұрғыда Ақмола облысының білім басқармасы хабарлағандай, зардап шеккендер жоқ.
Шамасы, мектеп оқушыларының сол сәттегі моральдық үрейі есепке алынбаған секілді.
– Бұл жағдай оқу аяқталғаннан кейін болған.
Барлық сыныптар бір уақытта мектеп дәлізіне шыққан, – делінген басқарма түсініктемесінде. – Қазіргі уақытта мектеп әкімшілігі оқушылардың үзілістерге және сабақтан шығу кестесін реттеді. Қажетті шараларды уақытылы қабылдамаған мектеп басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, түсініктемеде №1 мектеп-гимназия оқушыларға екі ауысымда білім береді және 2866 бала оқиды делінген. Қазір сабақтар штаттық режимде өтуде. Әлеуметтік желілер арқылы аталмыш видео көптеген көрермендердің ашу-ызасын туғызды. Тіпті, оқушылардың ата-аналары да наразылық білдірді.
– Турникеттерді шұғыл түрде алып тастау керек! – деп жазды олар. – Өрт немесе басқа да дүрбелең болған жағдайда балалар қайтеді? Оны ойлаудың өзі қорқынышты.
Бұл туралы Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирновадан да сұрадық. Мәжілісмен аталған оқиға алдағы уақытта барлығымзға сабақ болуы тиіс деп санайды.
– Мектептерде турникеттер орнатуға болмайды! – деп санайды депутат. – Кез-келген дүрбелең, өрт, жер сілкінісі секілді қиын жағдайда турникеттердің уақытында ашылуына кім жауап береді? Тіпті, ондай сәттерде жауапты адам шатасуы бек мүмкін. Бұл жедел әрекеттерді шектейді.
Айта кетейік, бұған дейін Ирина Смирнова оқу орындарына енгізілген номиналды және пайдасыз қауіпсіздік шараларын, соның ішінде мектеп ғимараттарының кіре-берісіне турникеттер орнатуды бірнеше рет сынға алған еді.