Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты. Мемлекет басшысы министрлер кабинетінің алдына алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс бірқатар міндеттер қойды. Олардың қатарында бюджет қаражатын үнемдеу, инвестициялық ахуалды жақсарту, республикадағы энергетикалық проблемаларды шешу, климаттық мәселелер, цифрлық сала және т.б. бар.
«Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, экономиканы әртараптандыру және шетелдік инвестицияларды тарту жер қойнауын пайдалану саласындағы реформалармен сәтті үйлесуі керек.
– Ірі кен орындарының өнімін бөлу жөніндегі келісімді іске асыру нәтижесінде Қазақстан жаһандық нарыққа қуат көзін сенімді жеткізушіге айналды. Бұл жобалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады. Сонымен қатар қомақты инвестициялар ұзақмерзімді жоспарлауды талап етеді. Сондықтан Үкімет өнімді бөлу жөніндегі келісімдерді елімізге анағұрлым тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін келіссөздерді жандандыруы қажет, - деп нақтылады Президент.
Қазіргі геосаяси жағдай көршілермен (Орталық Азия және ЕАЭО елдерімен) ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді қажет етеді. Бұл аймақтың және Қазақстанның бәсекеге қабілетін күшейтеді. Үкімет өнеркәсіп, көлік және логистика, ІТ сектор, агроөнеркәсіп кешені және басқа да салалардағы өзара тиімді байланыстар бойынша нақты шаралар әзірлеуі керек. Әрине транзитке де барынша көңіл бөлу қажет.
«Транзит – жүк тасымалына қатысты халықаралық бәсекедегі біздің орасан зор артықшылығымыз. Мұны толықтай әрі тиімді пайдалануымыз керек. Қазақстанға озық логистика жүйесі қажет. Қазіргі халықаралық нарықтың ерекшеліктерін ескерсек, бұл стратегиялық сипатқа ие міндет саналады», - деп атап өтті Президент.
Заманауи технологияларды енгізбейінше, логистиканы табысты дамыту мүмкін емес. Сондықтан қоймаларды автоматтандыру, маршруттарды цифрландыру, көлік ағынын басқару ісінде жасанды интеллектіні қолдану Үкімет жұмысының басым бағыттары болуға тиіс.
«Энергия тапшылығы артып келеді. Сондықтан алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет. Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан үшін агроөнеркәсіп кешенінің өсуі мен ауылдық аймақтарды қолдаудың да маңызы зор. Тағы бір айта кететін жайт, мұның барлығын Ұлттық қорды есепке алмай, тек бюджетті толықтыру арқылы жүзеге асыру керек.
«2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бірқатар ірі банкке мемлекет тарапынан, соның ішінде Ұлттық қор есебінен 15 жыл мерзімге қаржылай қолдау көрсетілгенін білесіздер. Бұл көмек банк акционерлері де ортақ жауапкершілікке ие болады деген талаппен берілді. Кейбір банктер өз шығындарын әлдеқашан өтеген. Бірақ мемлекеттің иелігіндегі қаржыны қайтаруға асықпайды. Тіпті оны жоғары пайызбен тәуекелі аз мемлекеттік қаржы құралдарына салып, кепілді табыс тауып отыр. Үкімет пен Ұлттық банкке шара қабылдауды тапсырамын. Бір нәрсені атап өткім келеді: банктер Үкіметтің, соның ішінде халықтың жауы емес. Бірақ диалог негізіндегі әділ серіктестік орнауға тиіс. Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді», - деп атап өтті Президент.
Білім беруді, денсаулық сақтауды және ғылымды жаңғырту жалғасады. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін ауқымды түрде трансформациялау жоспарланып отыр. Сондай-ақ сайланған әкімдерді қосымша оқыту ұйымдастырылады – бұл жоба «Әкімдер мектебі» деп аталмақ.
«Мен бүгін Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындап бердім. Бұл – ірі инфрақұрылым жобалары, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және инвестиция тарту мәселелері. Бүгін біз еліміздің 2024 жылғы даму нәтижесін қарадық. Қордаланған мәселелерді талқылап, алдағы міндеттерді айқындадық. Басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Алдағы жоспардың бәрін сапалы орындау қажет», - деп түйіндеді Президент.
Мемлекет басшысы алға қойған мәндеттер Қазақстан Халық партиясының сайлауалды тұғырнамасындағы (ӨБК-ны қайта қарау және республиканың геосаяси жағдайын тиімді пайдаланудан бастап, АӨК-ні нығайтуға және техникалық мамандарды даярлау жүйесін қайта форматтауға дейін) тармақтармен сәйкес келеді. Сәйкесінше, партия мүшелері бұл жұмыстың түпкі мақсаты – қазақстандықтардың әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін арттыруды қолдайды.