Мемлекет ерекше қажеттілігі бар балаларға квотаны аз бөледі

Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Гаухар Танашева өңірлерге жасаған жұмыс сапарын қорытындылады.

Депутат Қармақшы ауданы Жосалы ауылы Т. Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің директоры Гүлжахан Мұнарбаевамен және ұстаздар қауымымен кездесті.

Білім саласының өкілдері оқытушылар мен техникалық қызметкерлердің, зертханашылар мен кітапханашылардың жалақысын ұлғайту қажеттігін алға тартты.

– Сынып жетекшілері үшін төленетін үстемеақы тым төмен, – деп атап өтті педагогтар. – Бұл жас мұғалімдерді сынып үшін жауапкершілік алуға ынталандырмайды.

Мұғалімдер өздерінің біліктігін үнемі дәлелдеуге мәжбүр екендерін тілге тиек етіп, аттестаттау мәселесін қозғады. Сонымен қатар оқулықтардың жиі өзгеретініне шағымданды. Бұдан кейін олар медициналық көмектің сапасы, емханадағы ұзын-сонар кезек және маман тапшылығы туралы сөз қозғады.

Г. Танашеваның екінші кездесуі психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде өтті. Мұнда депутат ерекше балалардың аналарымен кездесті. Аналар мәжілісменге мемлекет ерекше қажеттілігі бар балаларға үлкен қалалардағы медициналық мекемелерде емделуге өте аз квота бөлетінін жеткізді.

– Біз талқылаған басты мәселелердің бірі дәрілік препараттарды сатып алу шығынын өтеу мәселесі болды, – деді Г. Танашева. – Бұл ата-аналардың қаржылық ауыртпалығын жеңілдетуге мүмкіндік беретін бастама.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy