Мемлекет үшінші топтағы мүгедектерді кемсітіп отыр

Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Кенжеғұл Сейітжан Ақтөбедегі «Қазақ саңыраулар қоғамында» сайлаушыларымен кездесіп, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды кемсіту мәселесін көтерді. Оның пікірінше, осы санаттағы азаматтар мүгедектігі бар басқа адамдар сияқты жеңілдікке ие болуы керек.

Талқылау барысында өзекті мәселелер көтерілді. Өндірістік жарақат алған адамдар әлеуметтік қамсыздандырудан тыс қалатыны мәлімделді. Қиын жағдайға тап болған жұмысшыға жұмыс беруші жағдай жасауға тиіс. Ал жұмыс беруші өзін банкрот деп жариялайды. Кейінгі жұмыс беруші алдыңғы жұмыс берушінің регрессиялық міндеттемелерін орындағысы келмейді.

Мүгедектердің осы санаты үшін тұрғын үй мәселесі де өзекті әрі өткір болып тұр. Егер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар тұрғын үй кезегіне тұрып, кем дегенде жеңілдікпен немесе жалға берілетін баспанадан үмітті болса, үшінші топтағы мүгедектерге (көбінесе есту қабілеті нашар адамдар) мұндай жеңілдіктен тыс қалған.

– Біздің жалақымыз мардымсыз, – деп шағымданды осы санатқа жататын адамдар. – Біз пәтер алуға ақша жинай алмаймыз! Бұл мәселені қалай шешуге болады?

Кенжеғұл Сейітжан үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мемлекет тарапынан кемсітушілікке ұшырап жатыр деген пікірмен келісті.

– Бұл жан ашуы, жан айқайы, мен мұны түсінемін, – деді ол. – Қазіргі инфляциямен ақша жинақтау мүмкін емес. Әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту департаменті үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар жұмыс істей алады, сондықтан оларға ешқандай жағдай жасалмайды деп санайды.

Депутат мемлекет белгілеген барлық әлеуметтік қорғау шаралары үшінші топқа жататын мүгедектігі бар адамдарды да қамтуы тиіс екенін алға тартты.

– Егер, мүгедектігі бар азаматқа сапалы есту аппараты қажет болса, ол берілуі тиіс, – деп атап өтті мәжілісмен. – Мүгедектігі бар азаматтарға жұмыс істеуге, бизнеспен айналысып, салық төлеуге жағдай жасау қажет. Мемлекеттің осыған мүдделі болуы керек. Дамыған елдерде дәл осылай жасалады. Бізде де осылай болады деп үміттенемін.

Жұмыс сапары аясында Кенжеғұл Сейітжан «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие орталығына және «Айдын Ақтөбе» мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдық бірлестігіне барды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy