Мемлекеттік компаниялардың дивидендтері екі есе азайған

dep.jpg

Мемлекеттік компаниялар дивидендтерін неге екі есеге қысқартты? Осы мәселені 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылау барысында Парламенттегі Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов көтерді.

Пленарлық отырыста сөз сөйлеген депутат соңғы жылдары мемлекеттік компаниялардан бюджетке аударылатын дивидендтер азайып келе жатқанын айтты. 2026 жыл да болжам бойынша дивидендтер көлемі биылғы 231 миллиард теңгеден 112 миллиард теңгеге дейін қысқарады.

– Бұл формалды түрде ұлттық компаниялардың ірі инвестициялық жобаларға қатысуымен түсіндіріледі, бірақ бұл жерде ашықтық пен есептілік мәселелері туындайды. Шынында да, мемлекеттік қаражаттың бір бөлігі бюджеттен, парламент бақылауынан және Бюджет кодексінде көзделген есептен тыс жұмсалуда, - деді депутат.

Депутат Үкімет өкілдерінен мұндай қысқартудың себебін сұрады. Мемлекеттік сектордағы дивиденд саясаты неге әлсіреді?

Бұл сұраққа Премьер-министр Олжас Бектенов жауап берді. Оның айтуынша, ұлттық компаниялардың экономикаға құйған қаражатының ашықтығы толық қамтамасыз етілген.

– Жаңа қабылданған Бюджет кодексінде әрбір ұлттық компаниядан алынатын дивидендтің көлемі 50-70% аралығында болуы керек деген норма енгізілді. Бұған дейін мұндай шектеу үкіметтің қаулысымен бекітілген еді. Бұл норма ашықтықты, есептілікті және парламент бақылауын күшейтуге бағытталған маңызды қадам, - деді Бектенов.

Ұлттық компаниялардың шығындарын тексеру де қиын емес – бұл мәліметтер республикалық бюджеттің орындалуы туралы есепке қосылады.

– Парламент пен қоғам өкілдері бұл ақпаратты қарап, бақылап, сұрақтар қойып, түзетулер енгізе алады, – деп атап өтті Премьер-министр.

Дивидендтердің азаюына қатысты Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» холдингі 53 триллион теңгеге бағаланатын ауқымды инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Холдинг тек өз қаражатын ғана емес, қарыз қаражаттарын да пайдаланып отыр. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» еліміздің түрлі өңірлерінде әлеуметтік маңызды жобаларға қатысып жатыр. Мысалы, денсаулық сақтау нысандарын салуға 550 миллиард теңге және жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 272 миллион теңге бөлінген.

– Осы факторларды ескере отырып, дивидендтер бойынша қабылданған шешімдер орынды және негізделген деп есептейміз, – деп қорытындылады Премьер-министр.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy