Метроға турникет қоюмен мәселе шешіле ме ?

dep.jpg

Алматы метросының перрондарына турникет қойыламақ. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді. Мұндай шешім Абай станциясындағы зағип жолаушының қазасынан кейін қабылданған.

Қала әкімі келесі жылдан бастап турникеттерді орнатуға уәде берді.

«Қазіргі метро инфрақұрылымы Алматыда инклюзивті ортаны құру үшін қажетті стандарттарға сәйкес келмейді. Осыны ескере отырып, біз турникет орнатамыз. Ал алдағы жаңа жобаларда бұл мәселені алдын ала ескеретін боламыз», - деді Досаев брифинг барысында.

Алайда, Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейітжаның пікірінше, бұл қайғылы жағдайға зағип жолаушыға қажетті көмек көрсетпеген метрополитен қызметкерлері кінәлі.

«Бұл басшылықтың да, қызметкерлердің де немқұрайлы көзқарасының салдары», - деді мәжілісмен.

Оибудсмен-депутат метро алаңдары мүгедек жандарға арналған тактильді жолдармен және басқа да көмекші құралдармен жабдықталуы қажет екенін атап өтті.

«Сондай-ақ есіктерді нұсқап көрсететін арнайы шектеулер болуы керек. Бұл адамдар өтетін жерді іздеп, тайып құлап кетпеуі үшін қолданылатын әлемдік практика», - деп нақтылады омбудсмен.

Мүгедектерді кедергісіз әрі жайлы ортамен қамтамасыз ету үшін қажеттінің бәрі Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған. Алайда, заңнамадағы тиісті нормалардың орындалу деңгейі ақсап тұр.

«Біздің заңдардың жергілікті деңгейде тиісінше орындалмайтынын үнемі айтып жүрмін», - деді депутат.

Бұған дейін Кенжеғұл Сейітжан депутаттық сауал жолдап, тиісті қызметтердің ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін қолжетімсздігі мәселесін көтерген болатын.

«Мүгедектігі бар адам дүкенге/банкке/театрға/Халыққа қызмет көрсету орталығына/қонақ үйге немесе басқа да ұйымға барғанда ғимаратқа өз бетінше кіріп-шығып қана қоймай, қажетті қызметті де өз бетінше ала алатындай жағдай жасау керек. Бұл ереже барлығына, яғни, мемлекеттік және жеке бизнестік мекемелерге бірдей міндетті болуы тиіс», - деді депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy