Мүгедек жандардың құқығын қорғауға ерекше көңіл бөлінеді

dep.jpg

Банктерді мүгедектердің құқығын құрметтеуге қалай мәжбүрлеуге болады? Бұл сауалдың жауабын Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейітжан сұрап, білді.

«Қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс депутаты: «екінші деңгейлі банктердің қызметтері мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді бола ма?» деген сауал қойды. Себебі, сот үкіміне қарамастан, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл бағытта қажетті стандарттарды қабылдауға белсенді түрде қарсылық көрсетіп келеді.

– Ерекше қажеттіліктері бар тұлғалардың құқығын бұзған банктерге қандай да бір жаза, яғни айыппұл, т.б. шаралар қарастырылған ба? Ал банктік қызметтердің қолжетімдігі қалай бақыланып, реттелмек? Арнайы мониторингтік топтар құрылып, мониторинг жүргізіле ме?, - деп сұрады депутат.

Агенттік басшысы Мәдина Әбілқасымова бұл сауалға нақты жауап бермеді. Ол бар болғаны мүмкіндігі шектеулі жандарға банктік қызметтердің қолжетімдігін қамтамасыз етудің жеке жоспары барын және бұл бағыттағы барлық жұмыс аталған жоспар аясында жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бірақ, бұл мәселеге қатысты жақсы жаңалықтар да бар.

«Биыл қаржы қызметтерін алу үшін мүгедектерге арналған ұлттық стандарт түпкілікті бекітілді. Онда барлық жағдай егжей-тегжейлі сипатталған. Нақтырақ айтқанда, ұлттық стандартта банк кеңселерінің физикалық қол жетімдігі мен банкоматтарды бейімдеумен қатар, сайттарда жарияланатын ақпараттар және т.б. қамтылған», - деді Әбілқасымова.

Агенттік басшысы осылайша заңнама негізінде қаржы ұйымдары осы ұлттық стандартты сақтауға міндеттелетінін айтып, жағдай жақсы жаққа өзгереді деп үміттенетінін жеткізді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy