Мүгедектігі бар адамдардың құқығы тиісінше қорғалуы керек

Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Кенжеғұл Сейітжан өңірлерге жұмыс сапары барысында Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына барып, мүгедектігі бар адамдармен кездесті.

– 2015 жылғы 20 ақпанда Мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау конвенциясы қабылданды. Осы құжаттың хаттамасында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығы Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде қорғалатыны жазылған. 17 маусым күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған хаттама заңдық күшіне енді. Бұдан былай ел аумағында құқығы тапталған мүгедектігі бар адамдар барлық деңгейдегі соттарға, оның ішінде халықаралық инстанция – БҰҰ-ның мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау комитетіне шағымдана алады, – деді депутат.

Осыдан соң ол Әлеуметтік кодекстің кемшін тұстары бар екеніне тоқталды.

– Әлеуметтік кодекстің олқылығы көп. Қыркүйей айына түзетулер мен өзгерістер жобасын әзірлеп қоюды жоспарлап отырмыз, ¬– деді К. Сейітжан.

Айта кетейік, алдағы уақытта Парламенттік тыңдау өтеді. Сонда Әлеуметтік кодексті жетілдіруге қатысты осыған дейін министрлікке берілген ұсыныстар пысықталады.

Біле жүріңіз, Әлеуметтік кодексте адамның базалық әлеуметтік құқықтары белгіленген. Құжатта мүгедектігі бар адамдарға ерекше назар аударылатыны жазылған. Ал іс жүзінде бұлай болып жатқан жоқ. Еңбек және халықты қорғау министрлігі ұсынған құжаттың шикілігі көп. Құжат мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік мәселелерін тиісінше шеше алмай отыр.

Өз кезегінде мүгедектігі бар адамдар депутатқа өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақ қойды. Халық қалаулысы өтініш иелерін мұқият тыңдап, оларға тыңғылықты жауап берді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy