
Мәжіліс депутаты, Президент жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан Ішкі істер министрлігіндегі «Идеологиялық сағат» аясында құқықтық ақпарат сабағын өткізді. Лекцияда ол мүмкіндігі шектеулі адамдармен қарым-қатынас мәдениеті туралы айтты.
Бұған дейін Сейтжан онлайн форматта ІІМ академиясының қызметкерлерімен осыған ұқсас кездесу өткізген еді.
– Бұл тек қана білім беру сабағы емес, қоғамдағы көзқарасты өзгертуге бағытталған маңызды қадам. Өйткені инклюзия – бұл әлеуметтік саясаттың бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар адамгершілік пен өзара құрмет-мәдениетінің айғағы, - деді депутат.
Депутат қарым-қатынас мәдениеті әр адамның қадір-қасиетін мойындаудан басталатынын ерекше атап өтті.
– Әдеп пен тілдік сезімталдықты қалыптастыру, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді орта құру – баршаға ортақ жауапкершілік, – деді Кенжеғұл Сейтжан.
Лекция барысында қатысушылар белсенді түрде сұрақ қойып, өмірден алынған мысалдарымен бөлісті.
– Осындай ашық диалогтар арқылы біз бір-бірімізді жақсы түсініп, қоғамдағы әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеміз. Біздің мақсатымыз – сыйластық пен қамқорлыққа негізделген қоғам құру. Инклюзия – жай ұран емес, күнделікті өміріміздің бір бөлшегі, - деп түйіндеді депутат.
@halyk_partiyasy