
Қазақстан Халық партиясының депутаты Асылбек Нұралин елордадағы автотұрақ қызметін тәртіпке келтіруді және төлем жүйесін заманауи цифрлық технологиялар арқылы жетілдіруді ұсынды.
Оның айтуынша, елорда әкімдігі 2016 жылы автотұрақ үшін ең төменгі төлем мөлшерін бір сағат деп белгілеген. Ол кезде бұл сала «Астана автотұрақ кеңістігі» ЖШС-нің қарамағында болған, кейін онымен келісімшарт бұзылды. Қазір автотұрақ қызметі мемлекеттік компанияға берілгенімен, жүргізушілер үшін жағдай жақсарған жоқ. Көлікті қысқа уақытқа қойғанның өзінде толық бір сағаттың ақысын төлеуге мәжбүр, пайдаланылмаған уақыттың ақшасы қайтарылмайды. Бұдан бөлек, тарифтердің әркелкілігі, бірыңғай төлем жүйесінің жоқтығы мен айыппұлдар да көлік иелерін жиі әуреге салады.
– Негізінен, автотұрақ операторларының жұмысы тек ақша жинаумен шектеліп отыр. Бұл, өз кезегінде, мемлекет пен азаматтар мүддесінің тепе-теңдігі сақталып отыр ма деген сауал тудырады. Сондай-ақ жолдар мен қала инфрақұрылымын еркін пайдалану жөніндегі конституциялық құқыққа қатысты мәселе тағы бар, – деді Нұралин.
ҚХП фракциясы бұл мәселе бойынша бірнеше шешім ұсынып отыр: нөмірді автоматты түрде анықтап, пайдаланылмаған уақыт үшін қаражатты қайтаратын тұрақты бейнебақылау жүйелерін енгізу, автотұрақтан және айыппұлдардан түсетін қаржының ашықтығын толық қамтамасыз ету, сондай-ақ қолданыстағы мобильді қосымшаны жетілдіріп, пайдаланылмаған уақыттың ақысын қайтару мүмкіндігін қосу.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу ең әуелі азаматтардың өмірін жеңілдетуге және сапасын арттыруға бағытталуы тиіс, – деп түйіндеді депутат.
@halyk_partiyasy