Бейбітшілік – халықаралық тұрақтылық кепілі

dep.jpg

Бейбіт өмір сүру мен тату көршілік – қазіргі халықаралық сын-қатерлерге қарсы тұрудың бірден-бір жолы. Бұл пікірді Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне сүйене отырып айтты. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің пленарлық отырысында баяндама жасаған еді.

Мәжілісменнің айтуынша, Президент қазіргі әлемдік дамудың негізгі бағыттарына жан-жақты талдау жасап, халықаралық процестердің шынайы сипатын айқын көрсететін тұжырымдар жасады.

– Шынында бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған деңгейде күрделі әрі қарама-қайшылықтарға толы. Ол ешқашан қазіргідей саяси да, әскери де қысымға ұшыраған емес. Сондықтан бүгінде әлем тағдыры бейбіт өмір сүре білетін, әлеуметтік-саяси жүйелері әртүрлі мемлекеттердің өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынас орнатуына тікелей байланысты, – деді Магеррамов.

Депутаттың айтуынша, бейбіт өмір сүру – тек соғыстың болмауы емес. Ол – тату көршілік пен өзара ынтымақтастықтың орнығуы, сонымен бірге ғылым мен техника жетістіктерін, мәдени құндылықтарды еркін алмасу мүмкіндігі.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy