Республика күні – еліміздің тарихы мен жетістіктеріне деген зор құрметпен аталып өтетін негізгі мемлекеттік мерекелердің бірі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осынау айтулы мереке қарсаңында сөйлеген сөзі мемлекет пен қоғам алдындағы жаңа мақсат-міндеттерді белгілеуге бағытталған. Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов осындай пікір білдірді.
«Мемлекет басшысының кез келген сөзі әрқашан жүріп өткен жолға берілген баға және жаңа бағыттарды белгілеуге арналады. Сонымен қатар, халықтың мұң-мұқтажы Мемлекет басшысының үнемі бақылауында. Осы ретте6 ол бүгінде қоғамда қызу талқыланып жатқан бірқатар сұрақтарға жауап берді», - деп атап өтті депутат.
Қылмысқа қарсы күрес және қылмысты түбегейлі жою, заң мен тәртіптің салтанат құруы, Әділетті Қазақстан құру идеясына деген адалдық, кемел келешекке ұмтылу – Президентіміз өз сөзінде осының бәрін қамтыды.
«Президент экономика және саяси салаға ерекше тоқталды. Сондай-ақ, ең бастысы, әлеуметтік кепілдіктердің қысқармайтынын айтты. Әрине, әлеуметтік бағыттағы партия ретінде біз үшін бұл ерекше маңызды», - деді Магеррамов.
Осы орайда Магеррам Магеррамов барша қазақстандықты келе жатқан Республика күнімен құттықтады.
«Бұл күнтізбедегі жай ғана дата емес, ол еліміздің Тәуелсіздігі мен егемендігінің нышаны. Бұл – саяси партияға, дінге, ұлтқа және т.б. қарамастан барша қазақстандықты біріктіретін мереке. Бірлескен күш пен ортақ мақсат қана республиканың дамуы мен гүлденуіне әкелетінін тарих дәлелдеп отыр», - деп түйіндеді депутат.