Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Кенжеғұл Сейітжан өңірлерге жұмыс сапары барысында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановпен кездесті.
Мәжіліс депутаты мен облыс әкімі қоғамдық-әлеуметтік тақырыптарды талқылап, ерекше қажеттілігі бар адамдардың өзекті мәселелеріне назар аударды.
Е.Тоғжанов баланың болашағына ана жауапты екенін атап өтіп, өмірге дені сау ұрпақ әкелу үшін жүктілікті жоспарлау, саламатты өмір салтын ұстану қажет екенін тілге тиек етті. Ол Ақтөбе облысында мүмкіндігі шектеулі жандардың саны көбейіп жатқанына қынжылыс білдірді.
К.Сейітжан қоғам мүмкіндігі шектеулі адамдардың мүмкіндігі шектеусіз екенін түсінуі, мойындауы және қабылдауы тиіс екенін атап өтті.
– Ерекше қажеттілігі бар адамдар қоғамның толыққанды мүшесі. Олардың құқығы басқалармен бірдей. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдан келгенше өзгелермен тең жағдай жасау қажет, – деді депутат.