
Қазіргі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі қоғам тарапынан көптеген сынға ұшырап отыр. Қазақстан Халық партиясының Мәжілістегі фракциясы бұл жүйені барынша ашық әрі түсінікті ету туралы бастама көтерді. Мұндай қадам азаматтарға өз қаржысының қалай жұмсалып жатқанын бақылауға мүмкіндік береді.
ҚХП фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Мәжілістің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде қазақстандықтар ай сайын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аударғанымен, сол қаражаттың пайдаланылу-пайдаланылмауын қадағалай алмайтынын атап өтті. Сонымен қатар ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қордың инвестициялық қызметпен де айналысатынын еске салды.
– Алайда Қорға жарна төлеп отырған азаматтар инвестициялық табыстан еш үлес алмай отыр. ҚХП фракциясының пікірінше, бұл – әлеуметтік әділетсіздік, – деді депутат.
Одан бөлек, қазақстандықтардың өздері салған қаражаттың нақты қай бағыттарға жұмсалып жатқанын бақылауға мүмкіндігі жоқ. Ал цифрландыру мен заманауи технологиялардың әлеуеті бұл салада іс жүзінде қолданылмай отыр. Қазір, мәселен, зейнетақы шотының жай-күйін онлайн бақылауға болса, медициналық сақтандыру жүйесінде мұндай мүмкіндік қарастырылмаған.
– Егер МӘМС жүйесінде қаржы қозғалысын ашық цифрлық форматта қадағалауға болатын тетік енгізілсе, бұл қоғамның денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін арттырар еді, – деді Магеррамов.
Сондай-ақ депутат фармацевтика шығындарының да отбасылық бюджетке едәуір салмақ түсіріп отырғанын айтты. Вирустық аурулардың бір маусымы әрбір отбасы мүшесіне ондаған мың теңге жұмсауға әкелуі мүмкін.
– ҚХП фракциясы азаматтарға пайдаланылмаған МӘМС қаражатын (инвестициялық табысты ескере отырып) дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсау мүмкіндігін қарастыруды ұсынады. Бұл бастама отбасыларға нақты қолдау көрсетіп, қазақстандықтардың жалпы әл-ауқатына оң әсерін тигізеді, – деді ол.
@halyk_partiyasy