Қазақстан Халық партиясы Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы «Еңбек адамы» акциясын жалғастыруда. Бұл бастама жастарға кәсіптік бағдар беруге бағытталған. Осы мақсатта өз ісінде жетістікке жеткен кәсіби мамандар жоғары оқу орындары және колледж студенттерімен кездесіп, өз тәжірибесі арқылы жастарға мамандық таңдауда бағыт-бағдар береді.
Батыс Қазақстан индустриалды колледжінде Қазақстан Халық партиясының облыстық филиалы ерекше кәсіптік бағдар беру шарасын өткізді. Іс-шараға жоғары білікті ұстаз, облыстық мәслихат депутаты және партия филиалының төрағасы Борис Лаврентьев қонақ ретінде шақырылды. Ол студенттермен өз тәжірибесін бөлісіп, таңдаған салаларында табысты болуларын тіледі.
– Мұндай кездесулер жастардың еңбекке деген дұрыс көзқарасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, олар студенттерге мамандықтардың әртүрлілігін түсінуге және мансаптық өсу мүмкіндіктерін көруге көмектеседі, - дейді партия өкілдері.
ҚХП Шығыс Қазақстан облыстық филиалы Өскемен технология және сервис колледжінің «Тігін өндірісі және киім пішу» мамандығының студенттерін сән үйі мен ательенің жетекшісі Ботагөз Сейілхановамен кездестірді. Кәсіпкер өз брендін қалыптастыру жолы, тігін шеберлерінің еңбек нарығындағы сұранысы туралы айтып берді, сондай-ақ «Sholpan» ательесінде тігілген кешкі көйлектерді таныстырды.
Маңғыстау облыстық филиалы Н.Бекбосынов атындағы энергетика колледжінің студенттеріне арнап еңбек ардагерлері Ылесбай Кащиев және Қуаныш Чуйшбаевпен кездесу ұйымдастырды. Екеуі де энергетика саласында 50 жылға жуық еңбек еткен жандар. Олар студенттерге таңдаған мамандықтарының маңызын түсіндіріп, бұл саланың ел экономикасына қосып отырған зор үлесіне тоқталды, сондай-ақ кәсіби шеберліктің жоғары деңгейде болуы маңызды екенін де атап өтті. Студенттер қонақтарға аймақ дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.
Алматы қалалық филиалы Қазақстан Халық партиясының бастамасымен Г. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс колледжінің студенттерімен сараптамалық кездесу өткізді.
– Бұл шара сұранысқа ие мамандықтарды меңгергісі келетін жастарды қолдауға бағытталған, – деп атап өтті партия өкілдері.
Кездесу барысында студенттер электр жабдықтарын өндіру және электр желілерін салу саласындағы жетекші сарапшылармен танысып, олардан мамандықтарының даму перспективасы туралы біліп, сұрақтарына жауап алды.
– Қазақстан Халық партиясы жұмысшы мамандықтарды насихаттау мен елдің кадрлық әлеуетін дамытуға бағытталған жұмыстарды жалғастырады. Біз осындай шаралар жастардың тұрақты және болашағы зор мансап жолын саналы түрде таңдауларына септігін тигізетініне сенімдіміз! – деді партия мүшелері.