Павлодарда партия белсенділері учаскелік полиция пункттерін аралады

Қазақстан Халық партиясы қолға алған «Халық үні» жобасы аясында өңірлік филиалдардың өкілдері полицияның халық тыныштығын қорғаудағы жұмысына мониторинг жүргізіп жатыр.

Жобаның негізгі мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігі, коммуналдық және қоғамдық инфрақұрылымның жай-күйі, сондай-ақ тұрғындардың тұрмыс сапасына әсер ететін өзекті салаларды бақылау.

Павлодар облыстық филиалының мүшелері, филиал төрағасы Әлімбек Ағыбаевтың жетекшілігімен, қаладағы полицияның учаскелік пункттерінің жұмысын тексерді. Сонымен қатар, партия белсенділері тұрғындардың пікірін білу үшін сауалнама жүргізді.

1

– Жалпы, павлодарлықтар жергілікті полиция қызметінің жұмысына оң баға берді, – деді Әлімбек Ағыбаев.

Учаскелік инспекторлардың байланыс деректері қоғамдық орындардағы ақпараттық тақталарда орналастырылған. Бұдан бөлек, олар 2GIS қосымшасында да қолжетімді: нақты мекенжайды таңдағанда сол аумаққа жауапты учаскелік полиция пункті туралы мәліметті көруге болады.

– Біз, әсіресе, учаскелік пункттердегі ақпараттың ашықтығына және интернет алаяқтық пен тұрмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы профилактикалық шараларға назар аудардық. Мониторинг қорытындысы бойынша аналитикалық анықтама дайындалып, ішкі істер органдарына полиция мен халық арасындағы өзара байланысты жетілдіруге арналған ұсыныстар жолданады, - деді партия өкілдері.

Осындай мониторинг жұмыстарын Қарағанды облыстық филиалы да өткізді. Партия өкілдері Гүлдер-1 ықшамауданындағы №14/2 полиция пунктіне барып, учаскелік инспекторлардың жұмыс жағдайымен танысты. Сонымен бірге, Гүлдер-1 және Гүлдер-2 шағынаудандарында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғын үйлер мен дүкендерді аралады, жергілікті тұрғындар және кәсіпкерлермен кездесіп, қауіпсіздік, полициямен байланыс және учаскелік пункттердің қолжетімділігі мәселелерін талқылады.

2

– Мониторингтің негізгі мақсаты – полиция мен халық арасындағы ашықтық пен сенімді арттыру, сондай-ақ учаскелік инспекторлардың жұмыс жағдайын бағалау, – деп атап өтті Қарағанды филиалының өкілдері.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy