Мүгедектігі бар адамдар әуе тасымалдары кезінде кемсітушілікке ұшырайды

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы атынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты Кенжеғұл Сейтжан депутаттық сауалында әуе тасымалы саласындағы мүгедектігі бар адамдарды кемсітушілікке байланысты елеулі проблемаларды атап өткен.

– Конституциямыздың 14-бабында «ешкімді кемсітуге болмайды» деп жазылған, бірақ, өкінішке қарай, Қазақстанның әуе қатынасы саласындағы шындық жағдайдың керісінше екенін көрсетіп отыр, - деді депутат. - Мүгедектігі бар адамдар қажетті жол жүру ақысын толық төлегеніне қарамастан, біздің әуе компанияларынан толыққанды қызмет алу кезінде елеулі қиындықтарға тап болады.

Мәжіліс депутаты көру және есту қабілеті бұзылған адамдар үшін қолжетімді ақпараттың жоқтығына назар аударып, қауіпсіздік туралы буклеттер сияқты базалық элементтердің өзінде Брайл қаріптерінің жоқ екенін атап өтті.

– Мүгедектігі бар адамдарға қызметкерлер тарапынан қажетті түсініктемелер берілмейді, бұл оларды ұшу кезінде қауіпсіздік құқығынан айырады, - деп қосты ол.

Проблемалар сондай-ақ әуежайларда мамандандырылған қызметтердің жеткіліксіздігіне тап болатын тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға да қатысты. Депутат атап өткендей, еліміздегі әуе компанияларының шетелдік әуе желілерінен айырмашылығы, Қазақстанда қозғалысы шектеулі жолаушыларды ыңғайлы тасымалдау үшін қажетті құралдар мен жағдайлар жоқ.

– Біздің әуежайлар ерекше мұқтаждықтары бар адамдарға тиісті деңгейде қызмет көрсетуді қамтамасыз етпейді, - деп атап өтті К.Сейтжан. - Неліктен бізде шет елдердегі секілді мүгедектігі бар адамдарға дұрыс қызмет көрсететін орталықтар жоқ?

Депутат қызметкерлердің теориялық дайындығын атап өтіп, нақты нәтижелерге көңілі толмайтынын айтты.

– Тіпті Астананың әуежайы мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету жөніндегі талаптарға бар болғаны 40-50% сәйкес келеді! - деді мәжілісмен. - Бұл көнуге болмайтын жағдай!

Қорытындылай келе, ҚХП өкілі жағдайды жақсарту үшін нақты ұсыныстар айтты.

– Барлық қазақстандық авиакомпаниялар мен әуежайларға Мүгедектердің құқықтарын қорғау жөніндегі Конвенцияның сақталуына мұқият тексеру жүргізу қажет, - деп ұсынды К.Сейтжан. - Сәйкес келмеген жағдайда - ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсартуға бағытталған елеулі айыппұл санкцияларын енгізу керек.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy