Алматы мен Қарағандыда қоқыс өңдеу зауыты салынады

dep.jpg

Қазақстанда тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату бағытында нақты қадамдар жасала бастады. Әзірге қолданылып жатқан тәсіл — қалдықты өртеу. Қарағанды мен Алматыда қоқыс өртейтін жаңа зауыттар салу көзделіп отыр.

Қарағандыдағы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Кешен жылына 200 мың тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықты өңдеуге және сағатына 20 мегаваттқа дейін электр қуатын өндіруге қауқарлы болады деп жоспарланған. Жоба «ГорКомТранс Қарағанды» компаниясының бастамасымен, Қытайдың Shangxi CG Construction Group Co., Ltd. компаниясымен бірлесіп жүзеге аспақ. Зауыт қазіргі жұмыс істеп тұрған қалалық қоқыс полигоны аумағында орналасады.

Алматыда да осындай зауыт салу жоспары бұрын ұсынылған. Қала әкімдігінің мәліметінше, жаңа нысан 2029 жылға дейін мегаполистегі қалдықтың 80 пайызына дейін қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл бастамаға Үкімет те қолдау білдірді.

Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мен бейберекет қоқыс үйінділерін азайту мәселесін бұған дейін Қазақстан Халық партиясының Мәжілістегі фракциясы бірнеше рет көтерген болатын. Партия өкілдері қалдықты бөлек жинау, сұрыптап өңдеу, екінші шикізатты кәдеге жарату арқылы мәселені жүйелі шешуге болатынын айтқан.

Мәжіліс депутаты, Экология және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Кенжеғұл Сейтжанның пікірінше, қатты қалдықты бөлек жинау тәсілі енгізілсе, полигондарға түсетін жүктеме де, бюджет шығыны да екі есеге азаяды.

– Экологиялық кодекске сәйкес, қалдық алдын ала сұрыпталмай полигонға жеткізілмеуі тиіс. Егер осы талап нақты орындалса, қайта өңделетін шикізат көлемі едәуір артып, экологиялық қауіп те, экономикалық шығын да азаяр еді. Сонымен қатар бұл тәсіл елді мекендерде қосымша жұмыс орындарының ашылуына жол ашады, – деді депутат.

ҚХП ірі қалалар маңындағы бейберекет полигондар мен заңсыз қоқыс үйінділерінің алдын алу үшін қалдық жинау жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету қажет екенін айтқан. Сонымен қатар депутаттар тарифтік саясатты қайта қарап, қалдықты сұрыптап жинауға ынталандыратын сараланған төлем жүйесін енгізуді ұсынған. Қала тұрғындары мен кәсіпкерлерге арналған ынталандыру бағдарламаларын әзірлеу де маңызды. Ең бастысы — тұтыну мәдениетін қайта қарап, қалдықпен ұқыпты жұмыс істеуді үйрету қажет.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy